Қарағанды облысында сотталғандар арасында конкурс ұйымдастырылды
Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №29 мекемесінде сотталғандар арасында "Тәуелділіксіз өмір — менің саналы таңдауым" тақырыбында конкурс ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның мақсаты – ішімдікке, есірткіге және ойынға тәуелділіктің алдын алу, сондай-ақ сотталғандарды өз денсаулығы мен болашағына жауапкершілікпен қарауға ынталандыру болды.
Байқауға қатысушылар сурет, плакаттар, өлеңдер, эссе және шығармалар сияқты әртүрлі жұмыстарын ұсынды. Жұмыстарда тәуелділіктің зияны, отбасының және салауатты өмір салтының маңызы, сондай-ақ бостандыққа қатысты тақырыптар көтерілді.
Мекеменің психологы М.Бабенко атап өткендей, мұндай іс-шаралар сотталғандарға өз ойлары мен тәжірибесін білдіруге, өмірлік құндылықтарды қайта қарауға және салауатты өмір салтын таңдауға мүмкіндік береді.
Байқау қорытындысы бойынша ең белсенді қатысушылар мекеме әкімшілігі тарапынан марапатталды. Іс-шара сотталғандардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, өз өмірі үшін жауапкершілікті қалыптастыруға және әлеуметтік бейімделуге оң әсер етеді.
