Қарағанды облысының полицейлері жүргізген жұмыстар ЖКО төмендеуіне септігін тигізді
Қарағанды облысында ұдайы жүргізілген алдын алу жұмыстары жол-көлік оқиғаларының төмендеуіне септігін тигізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысында қаңтар айында жол-көлік оқиғалары 12,5%-ға төмендеді. Бұл республикалық автожолдарда қызмет атқарып, көлік жүргізушілермен профилактикалық ескерту жұмыстарын ұдайы жүргізіп келе жатқан патрульдік полиция батальоныны қызметкерлерінің еңбегі.
– Жыл басынан бастап патрульдік полиция батальоныны қызметкерлерімен республикалық маңызы бар тас жолдарда күндіз-түні көлік жүргізушілерге ескерту жұмыстары жүргізіліп келеді. Жол-көлік оқиғалары салдарынан жапа шеккендер мен қаза тапқандар туралы мәліметтер бар парақшаларды шығарып, жүргізушілерге таратып жатырмыз. Бұндай алдын алу жұмыстары жүргізушілерге оң әсерін беріп, ой салады деген ойдамыз. Алдын алу жұмыстарын жүргізу кезінде жүргізушілердің алыс жолға шыққанда демалу режимін сақтау, жолдың қарсы бағытына шықпау, сондай-ақ жылдамдықты асырмау сияқты қарапайым ережелерді сақтауға шақыруға мән береміз, – деді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қуаныш Зарубаев.