Қарағанды қаласы Полиция басқармасының бастығы тұрғындармен онлайн кездесу өткізді
Қарағанды қаласы Полиция басқармасының бастығы жергілікті тұрғындармен онлайн кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қаласының ПБ бастығы Думан Кожахметов Қарағанды қаласының тұрғындарына онлайн режимде есеп беру өткізді. Кездесуге оның орынбасарлары мен аумақтық бөліністердің бастықтары қатысты.
Кездесу барысында қалалық Полиция басқармасының бастығы бағынысты қызметкерлерінің 2020 жылдың 9 айындағы жедел-қызметтік жұмысының қорытындылары туралы баяндады.
– Пандемия кезіндегі бірлескен және сапалы ұйымдастырылған жұмыстың нәтижесінде Қарағанды қаласының аумағындағы қылмыстық ахуал айтарлықтай жақсарды. Қылмыстар саны 30 пайызға төмендеді. Сонымен бірге есірткі сатудың 40 фактісі анықталып, заңсыз айналымнан 400 кг есірткі алынды, есірткіге байланысты қылмыстары үшін 37 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды, – деп атап өтті Думан Кожахметов.
Қылмысқа қарсы күрес саласындағы жұмыстармен қатар Қарағанды қаласының полицейлері 2020 жылдың басынан бастап халыққа 120 мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсеткен. Олардың қатарында азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу, қаруды тіркеу, жеке басын растайтын құжаттарын рәсімдеу және т.б. бар.
– Қазіргі таңда Қарағанды қаласы бойынша 4 936 бейне бақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Олардың көмегімен 168 қылмыстық және 18 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталды,- деп атап өтті Думан Рахымжанұлы.
Кездесу барысында қала тұрғындары тарапынан жол қауіпсіздігі, уақытша тіркелу, көшелерге қосымша бағдаршамдар, саяжайларда бейне камералар орнату, учаскелік полиция пункттерінің және тікелей учаскелік полиция инспекторларының жұмысына қатысты проблемалық сұрақтар келіп түсті.
– Полицияның басты мақсаты – азаматтардың құқық қорғау органдарына сенімін арттыру, қылмысқа қарсы күрес және қоғамдық қауіпсіздікті қорғау – деді Думан Кожахметов сөз соңында.