Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда айдалада адасып кеткен жасөспірімді тапқан полицейлер марапатталды

Қарағанды облысы Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин Жаңаарқа аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Жұбаныш Жүнісбеков пен кезекші-полицей Қами Өскенбаевқа Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен берілген ІІ дәрежелі “Ішкі істер органдарының үздігі” төс белгісін табыстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сондай-ақ, Ерлан Файзуллин өз құқығымен жасөспірімді іздеу барысында ерекшеленген полиция қызметкерлерінің әрқайсысына 100 мың теңгеден сыйақы берді.

– Біздің қызметкерлер ұзақ уақыт бойы шаршағанына және күннің суықтығына қарамастан, жоғалған баланы табу үшін бар күш-жігерлерін салды. Олардың табандылығы мен төзімділігінің арқасында жас бала дін-аман табылды. Сондықтан да сіздерге қанша құрмет көрсетсек те артық емес, – деді Департамент бастығы Ерлан Файзуллин марапаттау барысында.

– Іздестіру жұмыстары өте қиын жағдайда жүргізілді. Біздің ойымызда баланы тауып, аман-есен ата-анасына тапсыру ғана болды. Біз оны жасадық. Біздің орнымызда болған әрбір полиция қызметкері өздеріне жүктелген міндетті бұлжытпай орындайды деп ойлаймын, – деді Жұбаныш Жүнісбеков.

Естеріңізге сала кетейік, 16 ақпан күні Қарағанды облысы Жаңаарқа аудандық полиция бөліміне 14 ақпан күні ауданға қарасты қыстақтардың бірінен 16 жастағы жасөспірімнің шығып кетіп, із-түссіз жоғалғаны туралы хабарлама түскен. Хабарлама бойынша полиция қызметкерлері кешенді іздеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде полиция қызметкерлері Ж.Жүнісбеков пен Қ.Өскенбаев баланы тауып, оны аман-есен ата-анасына тапсырған еді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру