Қарағандыда алаяқ әлеуметтік желі арқылы жүргізуші куәлігін «рәсімдеген»
Қарағандыда алаяқ әлеуметтік желі арқылы жүргізуші куәлігін «рәсімдеген», – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты октябрь полиция бөліміне 43 жастағы қала тұрғыны шағымданды. Ол арызында алаяқтың құрбаны болғаны туралы көрсеткен.
Белгілі болғандай, жәбірленуші өзіне жүргізуші куәлігін алмақшы болған. Сөйтіп, куәлікті заңды түрде алудың орнына, құжатты жеңіл жолмен қолға алуды көздеген. Әлеуметтік желілердің бірінен ол еш кедергісіз куәлік жасаймын деген адамды тауып, қызметі үшін 200 мың теңге ақша аударған. Желі арқылы қомақты қаржыны қолға түсірген белгісіз азамат кейін байланысын үзіп, жәбірленушіні алдап кеткен.
Криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 43 жастағы күдікті ұсталды. Ол мойындау көрсетпе белгілерін берді.
Күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 190 бабына (Алаяқтық) сәйкес қозғалған қылмыстық істі тергеу барысында полиция қызметкерлері ұсталған азаматтың осыған ұқсас тағыда 3 қылмысқа қатыстылығын анықтады.
Күдікті алдаған азаматтарға жалпы 580 мың теңге залал келтірген. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.