Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда полицейлер 6-шы қабаттан секірмекші болған азаматты құтқарып қалды

Қарағандыда полиция қызметкерлері алтыншы қабаттан секірмекші болған азаматты құтқарып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

12 тамыз күні сағат 15:00 шамасында Қарағанды қалалық Полиция басқармасының жедел басқару орталығына Карбышев көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде белгісіз азамат жанжал шығарып жатқандығы туралы хабарлама түсті. Аталған ақпарат бірден радио байланыс арқылы сол аумақта қызмет атқарып жүрген патрульдік полиция жасағына берілген. Оқиға орнына бірінші болып патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторлары Болат Мұқажанов пен Нұргелді Әшірбек барған.

– Eсік алдында бізді егде келген азамат күтіп алды. Белгілі болғандай, азаматтың 37 жастағы ұлы отбасында жанжал шығарған. Полицияға хабарласқан азамат ұлына арыз жазатынын айтты. Полицияға қоңырау соққан ер адаммен сөйлесіп тұрғанымызда менің әріптесім шу шығарған азаматтың алтыншы қабаттағы дәліздің терезесіне шығып, төменге секірмекші болып тұрғанын байқап қалды. Мен бірден ішке кіріп, онымен сөйлесіп, артық әрекетке жол бермеуіне байланысты жұмыс жасадым. Ал әріптесім сыртта қалып, жедел жәрдем және төтенше жағдай қызметкерлерін шақырды, – деді Болат Мұқажанов.

Бірнеше уақытқа созылған әңгімелесу барысында 37 жастағы азамат алған бетінен қайтып, полиция қызметкерлері оны төменге түсірді. Құтқарылған ер адамды медицина қызметкерлеріне табыстаған полицейлер өздеріне бекітілген аумаққа қызметін жалғастыруға кеткен.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру