Қарағандыда полицейлер Мемлекеттік рәміздер күніне арналған форумға қатысты
Қарағанды қаласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы алаңында Мемлекеттік рәміздер күніне арналған "Рәміздер рухы – Конституция күші" атты патриоттық форум өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Салтанатты іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, жастар ұйымдарының мүшелері, әскери қызметшілер, спортшылар, сондай-ақ ішкі істер органдарының қызметкерлері қатысты.
Форум Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты түрде алып шығу рәсімімен және Мемлекеттік Әнұранның орындалуымен басталып, патриоттық рухты, мемлекеттік рәміздер мен конституциялық құндылықтарға деген құрметті нығайтуға бағытталған мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты.
Іс-шара барысында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірдің дамуына және қоғамдық өміріне елеулі үлес қосқан азаматтарды алғыс хаттармен марапаттады. Марапатталғандардың қатарында Қарағанды облысының полиция департаменті тылдық қамтамасыз ету басқармасының бастығы Бауржан Дюсенов те бар. Бұл жоғары марапат оның адал қызметі, кәсібилігі және өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны үшін берілді.
Форум барысында өскелең ұрпақты тәрбиелеу мәселесіне ерекше назар аударылды.
Республикалық бірыңғай "Жас ұлан" балалар мен жасөспірімдер ұйымының қатарына қабылдау рәсімі өтіп, оқушылар Отанға адал қызмет етуге, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге және ұлттық құндылықтарды қастерлеуге ант берді.
Мерекелік шара шығармашылық ұжымдардың өнер көрсетуімен және Тәуелсіз Қазақстанды дәріптейтін патриоттық әндердің орындалуымен қорытындыланды. Форум қоғам бірлігін, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті және Отанға қызмет ету жолындағы ұрпақтар сабақтастығын айқындаған тағылымды іс-шара болды.
