Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда қызметтік иттер екі баланы және 12 жылқыны тапты

Қарағанды облысында қызметтік иттердің көмегімен бір апта ішінде жоғалған екі бала мен 12 бас жылқы табылып, иелеріне қайтарылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызметтік иттердің ерекше иіс сезу қабілеті мен ізге түсу шеберлігі полиция қызметкерлеріне күрделі жағдайларда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Өткен аптадағы бірнеше оқиға осыны тағы бір мәрте дәлелдеді.

Қарағандыда бір күннің ішінде екі бала жоғалып, оларды іздеуге кинологтар мен қызметтік иттер жұмылдырылды.

Жексенбі күні полицияға 7 жастағы баланың жоғалғаны туралы хабарлама түсті. Бала үй ауласынан шығып кеткен. Оның қайда жүргенін анықтап айту мүмкін болмаған.

Сол күні қаладағы адам көп жиналатын базарлардың бірінде 5 жастағы бала ата-анасының назарынан тыс қалып, жоғалып кеткен. Ата-аналары өз бетінше іздегенімен, нәтиже болмаған соң полицияға хабарласқан.

Кинологтар қызметтік иттерімен оқиға орнына жедел жетіп, іздестіру жұмыстарын бастады. Төрт аяқты серіктердің көмегімен екі бала да көп ұзамай табылып, ата-аналарына аман-есен тапсырылды.

Арада бір күн өткен соң кинологиялық қызмет мамандары тағы бір іздестіру жұмысына кірісті. Бұл жолы жоғалғаны – 12 бас жылқыдан тұратын үйір.

Ізге түскен қызметтік иттер жылқылардың қоршалған құрылыс нысандары орналасқан аумаққа қарай кеткенін көрсетті. Кинологтар мен мал иесі иттердің соңынан еріп, аптап ыстықта шамамен бір шақырым жол жүрді.

Бір сәтте із жоғалғандай болғанымен, қызметтік иттер көп ұзамай қайта бағыт алып, қоршаудың ар жағындағы жабық аумаққа қарай беттеген. Нәтижесінде жоғалған 12 бас жылқы сол жерден табылды.

Бұл жағдайлар қызметтік иттердің ерекше мүмкіндіктерімен қатар, кинологтармен бірлескен жұмыстың маңызын да көрсетті. Мамандар төрт аяқты серіктерінің әрбір әрекетін бақылап, сол арқылы іздестіру бағытын анықтаған.

Қызметтік иттер арнайы дайындықтан өтіп, жоғалған адамдарды іздеу, із кесу, есірткі және жарылғыш заттарды анықтау сияқты маңызды міндеттерді атқарады.

Өткен аптадағы үш жағдай олардың полиция қызметіндегі маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді. Ең бастысы – екі бала ата-аналарына аман-есен оралса, 12 бас жылқы заңды иесіне қайтарылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру