Қарағандылық алаяқ аңқау тұрғынның 100 мың теңгесін қалтасына басқан
Қарағандылық полицейлер тағы бір алаяқты қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
9 қазан күні қарағандылық полицейлерге 33 жастағы қала тұрғыны хабарласып, алаяқтың құрбаны болғаны туралы арызданған.
Азамат қаладағы мамандандырылған дүкендердің бірінен құрылыс материалдарын алмақшы болып барған.
Оны есік алдынан қарсы алған азамат өзін сатушымын деп таныстырып, бағасы 100 мың теңге тұратын таңдаған тауарларын сол күні жеткізіп беруге уәде берген.
Алайда, арада біраз уақыт өтсе де тауар сатып алушыға жеткізілмегендіктен, мәселенің мән-жайын білуге келген жәбірленуші «алаяқ сатушыға» тап болғанын біліп, полицияға арызданған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 33 жастағы күдіктіні ұстады.
Бұрын әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылған азамат аталған қылмысты жасағанын мойындады.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабына (Алаяқтық) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.