Қарағандылық полицейлер бірнеше рет адам тонаған күдіктіні ұстады
Қарағандыда тәртіп сақшылары бірнеше рет адам тонаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
18 ақпан күні Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Киров полиция бөліміне белгісіз біреудің 54 жастағы азаматшаға шабуыл жасап, оның қол сөмкесін тартып әкеткені туралы хабарлама түсті. Жәбірленуші азаматша күдіктіге қарсыласқан кезде жеңіл дене жарақаттарын алып, медициналық көмек үшін ауруханаға қаралған.
Азаматшаның айтуынша, оның қол сөмкесінде ақшамен бірге құжаттары болған. Кенеттен орын алған шабуылдан есеңгіреп қалған азаматшаның өзіне шабуыл жасаған күдіктінің келбетін есіне сақтап үлгермеген.
Аталған қылмысты ашу бойынша полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 33 жастағы азамат ұсталды. Ол қылмысын мойындады, одан айғақ заттар тәркіленді.
Тергеу барысында қаскүнемнің осыған ұқсас тағы екі қылмысқа қатысы бар екені анықталды.
Бұл факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 191-бабына (Тонау) сәйкес қылмыстық іс қозғалды, тергеу амалдары жүргізілуде.