Қаза тапқан полицейдің отбасы мерекеде назарсыз қалмады
Шымкент қаласында рейд барысында қаза тапқан полицейдің қызына әкесінің әріптестері тосынсый ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ОҚО ІІД Патрульдік полиция батальонының полицейі, полиция аға сержанты Әшірбеков Пернен Арысбайұлы 1997 жылдың 26 қаңтарында Шымкент қаласы, С.Рашидов көшесінің бойында рейд жүргізіп тұрған сәтінде автокөлік қағып кетіп, алған дене жарақатынан қаза болған. Сол уақыт оның артында 1 жастағы қызы Айжан Әшірбекова қалған еді. Көзді ашып жұмғанша әкесіз 23 жыл өтіпті. Бүгінде Айжан Перненқызы бойжетіп, тұрмыс құрған. Дегенмен, аталған отбасы үшін 23 маусым – Қазақстан Полициясы мерекесінің орны бөлек. Себебі, біріне асқар тау болған әкесі ал енді бірі үшін асыл жары осы салада адал қызмет еткен болатын. Кез келген полиция қызметкерін көргенде әкеге, жарға деген сағыныш пен шексіз құрметтің әсерімен қала тұрғыны Баршагүл Қасымбекова мереке қарсаңында қызына тосынсый жасауды ұйғарған.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің әлеуметтік желісіне осы өтінішін жазған еді. Ондағы мақсаты – қызы Айжанға полиция қызметі мансап қуғандар үшін баспалдақ емес, әділдікке жақтас, азаматтардың қауіпсіздігі үшін кейде өз жанын ерлікпен қиятын қастерлі мамандық екенін, тегінің мықтылығын ұғындыру еді. Бұл өтінішке полиция департаментінің бастығы Ералы Жумаханбетов бей-жай қарап тұра алмады.