Қазақ полицейінің америкалық тәжірибесі
Құқық қорғау саласында қызмет ету – тек заңды білумен немесе қызметтік міндетті атқарумен шектелмейді. Бұл – үздіксіз ізденісті, кәсіби шыңдалуды, жаңа білім мен тәжірибені талап ететін жауапты жол. Осындай талаптарға сай қалыптасқан жас буын өкілдерінің бірі – Мұхамеджан Еркебек. Polisia.kz сайты Қазақстан полициясы күніне орай антына адал сақшы жайлы ақпарат ұсынады.
Табандылық пен кәсібилікті жаны сүйетін полицей 1995 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Жастайынан білімге құштарлығымен, алға қойған мақсатына деген ұмтылысымен ерекшеленген Мұхамеджан құқық қорғау саласындағы болашақ жолын ерте таңдады. Осы мақсат оны Қазақстан Республикасы ІІМ Қарағанды академиясына алып келді. Академияны 2017 жылы үздік тәмамдауы оның кәсіби өміріндегі алғашқы маңызды белестердің бірі болды.
Еңбек жолын Астана қаласы Алматы аудандық полиция басқармасында тергеуші қызметінен бастаған сақшы қысқа уақыт ішінде тергеу жұмысының қыр-сырын меңгеріп, құқық бұзушылықтарды ашу мен азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында тәжірибе жинақтады. Тергеуші қызметі оған заң талаптарын тәжірибеде қолданудың, жауапты шешім қабылдаудың және адамдар тағдырына тікелей әсер ететін күрделі мәселелерді шешуге үйрететін нағыз мектепке айналды. Алайда ол қол жеткізген жетістіктерімен шектеліп қалмады. Қызметпен қатар білімін тереңдетуді мақсат етіп, 2019-2021 жылдары Қарағанды академиясының магистратурасында Әскери іс және ұлттық қауіпсіздік бағыты бойынша білім алды. Магистр дәрежесін иелене отырып, ол Астана қаласының тергеу басқармасындағы қызметін де қатар жалғастырды. Бұл кезең оның теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, кәсіби көзқарасын кеңейте түсті.
Ғылымға деген қызығушылық оны келесі белес – докторантураға жетеледі. 2021-2024 жылдары Қарағанды академиясының докторантурасында білім алып, құқық және құқық қорғау қызметінің өзекті мәселелерін зерттеумен айналысты. Ішкі істер органдары қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған ғылыми ізденістерінің нәтижесінде 2025 жылы диссертациясын сәтті қорғап, PhD ғылыми дәрежесіне ие болды.
Бүгінде кейіпкеріміз Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінде аға жедел уәкіл қызметін атқарады. Бұл – кәсіби дайындықты, терең талдау қабілетін және жоғары жауапкершілікті талап ететін ерекше сала. Оның күнделікті жұмысы қоғам қауіпсіздігіне қатер төндіретін күрделі қылмыспен күресуге бағытталған.
Маманның кәсіби өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі – 2026 жылы халықаралық "Болашақ" бағдарламасының жеңімпазы атануы болды. Бұл жетістік оған әлемнің жетекші білім беру орталықтарының бірінде тәжірибе жинақтауға жол ашты. Қазіргі таңда ол АҚШ-тағы Мичиган мемлекеттік университетінің Құқық колледжінде ғылыми тағылымдамадан өтіп, заманауи құқықтық білім беру жүйесін, ғылыми зерттеу әдістерін және халықаралық құқық қорғау тәжірибесін зерделеуде.
Шетелде алған білімі мен тәжірибесін Мұхамеджан Қазақстанның құқық қорғау жүйесін жетілдіруге, халықаралық озық тәжірибелерді енгізуге және отандық заң ғылымының дамуына бағыттауды мақсат етеді.
Оның кәсіби жолы – табандылықтың, үздіксіз білім алудың және өз ісіне адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Тергеушіден халықаралық тағылымгер деңгейіне дейінгі бұл жол жас мамандарға үлкен мотивация беріп қана қоймай, кәсіби дамудың шегі болмайтынын дәлелдейді.
