Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қазақстан мен Қырғызстанның Ішкі істер министрлері Алматыда кездесті

Ағымдағы жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту туралы келісілім жасалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Осыған орай екі елдің ішкі істер органдары шекара маңында орналасқан аудандардағы криминогендік жағдайды жақсарту және мемлекеттер экономикасын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау жөнінде шаралар қабылдауда.

Бүгін өткен кездесу барысында Қазақстан мен Қырғызстанның Ішкі істер министрлері Ерлан Тұрғымбаев пен Ұлан Ниязбеков екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылап, ауқымды тақырыптар бойынша пікір алмасты.

Кездесу барысында екі елдің полиция ведомстволарының басшылары трансшекаралық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресте ішкі істер органдарының бірлескен күш-жігерін одан әрі үйлестіру және жұмысын жандандыру, жедел, криминалистикалық, құқықтық ақпарат алмасу туралы ниеттерін білдірді.

Қырғызстанның ІІМ басшысы Қазақстанның ішкі істер органдарын жаңғырту, соның ішінде полиция қызметін цифрландыру, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ведомстволық білім беру реформасы мәселелері бойынша халықпен қарым-қатынас жасау, сондай-ақ азаматтардың полицияға деген сенімін арттыру және олармен тиімді кері байланыс орнату мәселелеріне ерекше қызығушылық танытты.

“Қазіргі заман талабына сай Қырғызстанда Қазақстандағы сияқты сот-құқық жүйесін, оның ішінде ішкі істер органдарын реформалау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі кездесу ішкі істер органдарының қызметін реформалау саласында оң тәжірибе алмасу үшін пайдалы болатынына сенімдімін. Біз ынтымақтастықты нығайтуға мүдделіміз және өзара байланысты күшейтуді ұсынамыз”, – деді Ұлан Ниязбеков.

Жедел-іздестіру қызметі бойынша ынтымақтастық оң нәтижелер беруде. Өткен және ағымдағы жылдың үш айында Қазақстанда қылмыс жасауға қатысы бар 35-тен астам адам анықталды. Өз кезегінде Қырғызстан милиция қызметкерлері іздеу жарияланған 17 күдіктіні ұстады.

Министр Ерлан Тұрғымбаев жуырда ғана Алматыда бірлескен арнайы операция нәтижесінде автокөліктер арқылы жасалған бірнеше алаяқтыққа қатысы бар ҰҚТ мүшелерінің бірі ұсталғанын хабарлады. Бірқатар тергеу амалдары жүргізілгеннен кейін ол көрші республикаға экстрадицияланады.

Шекара маңы ынтымақтастығы дамуда. Алматы және Жамбыл облыстарының аумақтық полиция бөлімшелері көршілес республиканың Ыстықкөл, Шу және Талас облыстарындағы қырғыз әріптестерімен тығыз қарым-қатынаста.

“Екі елдің ішкі істер органдарының ынтымақтастығы жоғары деңгейде. 2015 жылдан бастап үйлестіру жұмыс тобы жұмыс істейді, оның құрамына әкімшілік, криминалдық полиция, көші-қон қызметі және басқа да бөлімшелердің өкілдері кіреді. Біздің мамандар бірлескен операциялар мен іс-шараларды жүргізіп, қылмыстарды бірге зерделейді, қылмыстық топтардың әрекеттерін, есірткіні тасымалдауды, заңсыз көші-қон арналарын анықтайды және жолын кеседі. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтап қалмауы тиіс, өйткені ішкі қауіпсіздік қана емес, жалпы Орталық Азия қауіпсіздігі де осыған байланысты”,- деп атап өтті Қазақстан ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев.

Тараптар екі елдің полиция ведомстволарының қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес, оның ішінде трансұлттық және ұйымдасқан нысандар бойынша тығыз байланыс жалғасатынын атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру