Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қазақстан полициясының құрдасы: “Басты ұстанымымыз – елге адал қызмет ету”

Қазақстан полициясының 30 жылдығына орай Polisia.kz редакциясы Отанына адал қызмет етіп, ел қорғаны болып жүрген полицейлер туралы ақпарат ұсынбақ.

Полиция капитаны Тайман Аңшыбаев Ақтау қаласы Полиция басқармасы Патрульдік полиция батальонында қызмет етеді. Ол 1992 жылы 3 қаңтарда Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы Тұщықұдық ауылында дүниеге келген. Қарағанды қаласында заңгер мамандығын тәмәмдап, бүгінде өз туған өлкесіне адал қызмет етуде. Ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2014 жылы жол-патрульдік полиция қызметінің қызмет инспекторынан бастаған ол сегіз жылдан бері осы саланы тізгіндеп, қызметін жан-жақты білетін тәжірибелі қызметкер ретінде танылған. Бүгінгі күні патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары лауазымында қызмет атқарады.

Патрульдік полиция батальоны басшылығының қарамағында облыс орталығындағы жол қауіпсіздігі мен тәртібіне жауап беруші 200-ден астам жол сақшысы бар. Олар үш ауысым бойынша қала аумағындағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жұмылдырылады.

ППБ командирінің орынбасарының жұмыс күні таңертеңгі ауысымға жауапты қызметкерлерге саптық жиын өткізумен басталады. Ол өткен ауысымды қабылдап, қызметкерлерге тиісті тапсырмалар беріп, қала аумағын өзі де патрульдеп, түрлі құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға атсалысады.

Патрульдік полиция – бұл сыртқы қызмет маманы, халыққа ең жақын және азаматтар қиындыққа тап болған кезде ең алғашқы болып көмек көрсететін сақшылар. Сонымен қатар, азаматтардың ішкі істер органдарының қызметкерлеріне деген сенімі – ең алдымен осы қызмет иелеріне байланысты.

Міндеттерінің көптігіне және жауапкершілігі мол қызмет екеніне қарамастан, Тайман өз кәсібін өте жақсы көреді және мақтан тұтады. Жауапкершілікті талап ететін қызметінде ол 30 жасын “Қаңтар оқиғасы” кезінде халық толы алаңда, қызмет барысында қарсы алған.

– Ең бастысы – халқымыздың амандығы, өңіріміздің тыныштығы. Басымыз аман болса, қазақстан полициясымен бірге 100 жасты да бағындырармыз. Басты ұстанымымыз – елге адал қызмет ету, –  дейді Тайман Аңшыбаев

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру