Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу ережелеріне өзгеріс енгізу жоспарлануда
Ішкі істер министрлігі Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан қабылдау қағидаларына өзгерістер енгізу мәселесін пысықтауда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұсынылып отырған түзетулер рәсімдердің ашықтығын арттыруға және азаматтар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Атап айтқанда, емтихан тапсыру әрекеттерінің санына қойылған шектеуді алып тастау көзделіп отыр.Сондай-ақ практикалық емтиханды мерзімінен бұрын қайта тапсыру мүмкіндігі енгізіледі — әр 10 күн сайын ақылы негізде. Бұл ретте азаматтар үшін тегін қайта тапсыру құқығы сақталады — 30 күнде бір рет.
Сонымен қатар цифрландыру мәселелеріне ерекше назар аударылады. Емтихан қабылдау процесін автоматтандыру деңгейін арттыру және адам ықпалын барынша азайту бойынша шешімдер пысықталуда.
Мұндағы басты міндет — көлік жүргізу дағдыларын объективті бағалауды қамтамасыз ету, баршаға тең жағдай жасау және кез келген заң бұзушылыққа жол бермеу.
