Қостанай облысында "Балаларға арналған қауіпсіз жол" акциясы өтті
Қостанай облысында "Балаларға арналған қауіпсіз жол" акциясы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысында кәмелетке толмағандар арасындағы жол-көлік жарақаттануының алдын алуға бағытталған "Балаларға арналған қауіпсіз жол" атты ауқымды профилактикалық акция ұйымдастырылды. Іс-шараға мектеп оқушылары мен колледж студенттерін қоса алғанда 4 мыңнан астам жас қатысты.

Акцияның негізгі мақсаты – жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу және балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Іс-шара барысында жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша профилактикалық сабақтар өткізілді. Оқушыларға нақты жағдайлар мысалында жолда өзін ұстау ережелері түсіндіріліп, дұрыс әрекет ету алгоритмдері көрсетілді. Сабақтарда қызметтік автокөліктер, манекендер және жол инфрақұрылымының элементтері кеңінен қолданылды.

Сонымен қатар полиция техникасының көрмесі ұйымдастырылып, балалар қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қолданылатын құралдармен танысты. Көрсетілімдік іс-шаралар барысында қызметтік дайындық пен жауынгерлік әдіс-тәсілдер көрсетілді.
Кинологиялық қызмет жұмысы таныстырылып, полиция департаменті музейінен қару-жарақ көрмесі ұсынылды.
Шығармашылық бағытта "Жол қозғалысы ережелері" тақырыбында сурет көрмесі мен асфальтқа сурет салу байқауы өтіп, жеңімпаздарға грамоталар мен сертификаттар табысталды.
Аталған акция "Заң мен тәртіп" идеологиясы аясында Қостанай облысы полиция департаменті, прокуратура және білім беру ұйымдарының бірлесуімен өткізілді.
Полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін сақтау – балалардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі екенін еске салады.
