ҚАЖ жай-күйі мен проблемалары
Ақтөбе облысының Қылмыстық-атқару жүйесінің проблемаларына мәслихат депутаттары мен жергілікті атқарушы органдар қызығушылық танытты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мәслихат депутаттарының қатысуымен өткен облыстық әкімдіктің тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысында Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Алмас Шамишев, «қылмыстық – атқару жүйесінің жай-күйі мен проблемалары туралы» баяндама жасады.
Департамент бастығы А.Шамишевтің айтуынша, КА-168/1 мекемесінде (тергеу изоляторы) күн сайын кездесуге немесе сәлемдемелерді беруге келген сотталғандардың туыстары мекемеде келушілерге арналған күту бөлмесінің жоқтығынан мекеменің жанында, яғни тергеу изоляторының кіру қақпасының жанында жиналады. Өз кезегінде бұл- тергеу изоляторы орналасқан аумақта тұратын тұрғындардың наразылығын тудырып, сондай-ақ мекеме қызметкерлерінің жұмысын да қиындатады. Осыған байланысты Департамент бастығы мекемеге келушілерді, сонымен қатар мекеме әкімшілігіне жеке мәселелерімен келгендерді қабылдауға арналған «фронт-офисын» салу үшін қаражат бөлу туралы мәселені қарастыруды сұрады.Баяндамашы көтерген тағы бір мәселе-КА-168/2 түзеу мекемесінің өндірістік аймағынан өндірістік орындар ашқан кәсіпкерлердің уақытын үнемдеу мақсатында, көлік құралдарын тексеруде автомобильдерді сканерлеу үшін қазіргі заманғы жабдықтармен қамтамасыз ету туралы болды.
А.Шамишев депутаттардың назарын КА-168/2 түзеу мекемесі аумағына тыйым салынған заттарды лақтыруға бейім адамдарды анықтауға және ұстауға кедергі келтіретін сол аумақтағы жарықтандыру құрылғыларының жетіспеушілігіне аударды.
Облыстық мәслихаттың хатшысы Сания Қалдығұлованың Ақтөбе қаласының әкімдігі мен басқа да жергілікті атқарушы органдарға түзеу мекемесінің аумағын жарықтандыру, тергеу изоляторына «фронт-офис» құрылысын салу және мекемелер қызметінің сапасын жақсартуға қатысты басқа да мәселелерді шешу туралы шешімі депутаттар тарапынан бірауыздан қабылданды.