Қоқысты жерге тастаған павлодарлық камераға түсіп қалды
Павлодарда бейнебақылау камералары қоғамдық тәртіппен қатар, қала тазалығын сақтауға да көмектесіп келеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы 10 634 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Олардың басым бөлігі қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігіне қатысты.
– Өңірдегі тәртіпті сақтауға саналы азаматтармен қатар заманауи технологиялар да өз үлесін қосуда. Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары абаттандыру талаптарын елемейтін азаматтарды күн сайын анықтап, тіркеп отырады, – деп хабарлады Павлодар облысының полиция департаменті.
Жақында камера объективіне қоғамдық орынды ластаған азамат түсті. Ол шемішке шағып отырып, қабықтарын қоқыс жәшігіне апарып тастаудың орнына жерге шашып кеткен. Бейнебақылау арқылы анықталған азаматқа қатысты қоғамдық орындарды ластағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.
Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері өңірде ұсақ бұзақылыққа қатысты мыңдаған құқық бұзушылықтың жолы кесілді.
Қоғамдық тәртіп пен тазалық – бір-бірімен тығыз байланысты. Бір қарағанда елеусіз көрінген қоқыстың өзі қала тұрғындарының жайлылығына әсер етеді.
Полиция қызметкерлері "Заң мен Тәртіп" қағидатын басшылыққа ала отырып, тұрғындарды "Таза Қазақстан" акциясын бір реттік шара ретінде емес, күнделікті өмір салтына айналдыруға шақырады.
