Қостанай облысы ПД бастығы өңір тұрғындарымен кездесті
Қостанай облысы ПД бастығы өңір тұрғындарымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін Қостанай облысы ПД бастығы Ерлан Омарбеков облыстың әр аудан-қалаларынан келіп түскен 50-ден астам сұраққа жауап беріп, есеп беру кездесуін өткізді.
– Бұл жолы жол қауіпсіздігі, бағдаршамдарды орнату және құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу жүйелері бойынша сұрақтар көп қойылды. Бұл қоғамның қауіпсіздік мәселелеріне бей-жай қарамауының көрсеткіші, – деп атап өтті Ерлан Омарбеков.
ПД бастығы өңірдегі криминогендік жағдай туралы халықты хабардар етіп, оның тұрақты екенін айтты. Қылмыстық құқық бұзушылықтар санының тұрақты төмендеуі байқалады. Мақсатты алдын алу шаралары кісі өлтіру, тонау, зорлық-зомбылық, ұрлық, мал ұрлығы мен бұзақылықты азайтуға мүмкіндік берді. Қоғамдық орындарда, көшелерде қылмыс азайды.
– Өткен жылы облыс полициясы 214 келіден астам есірткі, оның ішінде 556 грамм героин, 2 келіден астам «синтетика» тәркіледі. «Кибернадзор» жүйесінің көмегімен зиянды контент, психоактивті заттар мен есірткілердің жаңа түрлерінің жарнамасы бар 397 сайт пен сілтемелер бұғатталды, – деп атап өтті Ерлан Омарбеков.
Қостанай облысы ПД бастығы биыл облыс орталығы аудандарының криминогенділігін талдау негізінде тұрғын үйлердің аулаларында 1000 бейнекамера орнатылатынын хабарлады.
Сондай-ақ облыста «Қорғау» бағдарламасы іске қосылады. Ол қазіргі уақытта республиканың 6 қаласында қолданылады. Мемлекеттік нөмірлік белгі бойынша көлік құралдарын анықтау және іздеу функциясы бар сондай-ақ, жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарын тіркеудің кең спектрі бар 60 «Сергек» автоматты бағдарламалық кешенін орнату жоспарланып отыр.. Сонымен қатар, Алтынсарин, Федоров, Амангелді аудандарында «Автоураган» аппараттық-бағдарламалық кешені пайда болады.
– Өткен жылы автоматты түрде тіркейтін құралдардың көмегімен міндетті сақтандыру шартын жасаспай көлік құралдарын басқарған 2500-ден астам жүргізуші анықталды. Цифрлық технологияларды енгізу жол қозғалысы мәдениетін арттыратынына сенімдімін, – деп атап өтті Ерлан Омарбеков.
Облыста камералар саны шамамен 30 мыңды құрайды. Оның 8216-сы жедел басқару орталығы мен кезекші бөлімдерге қосылған. Камералардың көмегімен 300 қылмыс ашылды, 42 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді.