Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай облысы ПД-да ұрпақтар сабақтастығы күні өтті

Қостанай облысы полиция департаментінде ішкі істер органдарындағы ұрпақтар сабақтастығын дәріптеген тағылымды шара өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл салтанатты жиын жас мамандардың қызметке ресми қабылдануына арналып, тәжірибелі ардагерлер мен тәлімгерлердің қатысуымен ерекше мәнге ие болды.

Іс-шараға департамент басшылығы, ішкі істер саласының ардагерлері, тәлімгерлер кеңесінің мүшелері, жас қызметкерлер мен олардың ата-аналары қатысты. Жиын барысында полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Меңдібаев құттықтау сөз сөйлеп, ішкі істер саласындағы ұрпақтар байланысының маңыздылығына тоқталды.

- Бүгін біз полиция қызметіне жаңадан қосылған жас тәртіп сақшыларын, сонымен қатар, осы саланың дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардагерлерімізді құрметтейміз. Ұрпақтар сабақтастығы – тәртіп пен тәрбиеге негізделген тұрақтылықтың негізі, – деді ол.

Кездесу барысында ардагерлер мен тәжірибелі офицерлер жас қызметкерлерге ақыл-кеңестерін айтып, қызметтік өмірден алынған шынайы оқиғалармен бөлісті. Мұндай кездесулер жас полицейлерге үлкен жауапкершілік жүктеп қана қоймай, кәсіби жолда берік бағыт-бағдар береді.

Іс-шараның шарықтау шегі – 18 жас маманға алғашқы қызметтік куәліктердің табысталуы болды. Бұл – олардың құқық қорғау саласындағы жолының ресми басталуы ғана емес, сондай-ақ, ел алдындағы үлкен міндет пен сенімнің белгісі.

Жас тәртіп сақшыларының ата-аналарына ұл-қыздарын қоғамға пайдалы азамат етіп тәрбиелегендері үшін алғыс хаттар табыс етілді. Бұл – ата-аналардың тәрбиелік еңбегіне деген ерекше құрметтің көрінісі.

Осылайша, ұрпақтар сабақтастығы күні – тек салтанатты рәсім ғана емес, полиция қызметіндегі рухани және кәсіби жалғастықты айқындаған маңызды оқиға ретінде есте қалды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру