Қостанай облысының полицейлері интернет-алаяқтыққа қарсы іс-шараларды талқылады
Қостанай облысында полиция прокуратурамен бірлесіп интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл шараларын талқылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде арнайы ұйымдастырылған брифинг барысында журналистерге қылмыстың осы түрімен күрес қалай жүргізіліп жатқандығы туралы айтылды.
Төрт жыл ішінде жалпы қылмыс құрылымындағы алаяқтықтың үлес салмағы 4-тен 6%-ға дейін өскен. 2019 жылы бұл көрсеткіш 10-ға жетті. Осы жылдың қаңтар айында олардың үлесі 26%-ды құрады.
– Облыста 1 755 арыз тіркелді. Олар бойынша залал 460 млн теңгені құрайды. Өткен жылы Қостанай облысының барлық аудан-қалаларының тұрғындары алаяқтарға алданып қалған. Әсіресе, Қостанай, Рудный, Тобыл, Лисаковск, Арқалық қалалары мен Жітіқара, Қарабалық, Әулиекөл аудандарының тұрғындары алаяқтардың арбауына жиі ұшырағандардың қатарында. 40 пен 60 жас аралығындағылар ең көп зардап шеккендер – бұл несиелерді ресімдеу кезінде ең көп алданған адамдар, – деп атап өтті Қостанай облысы прокурорының орынбасары Бауыржан Бекбосынов.
Айта кету керек, полиция департаментінде интернет-алаяқтықпен байланысты қылмыстарды ашу үшін тергеу бөлімшелері мен криминалдық полицияның тәжірибелі қызметкерлері қатарынан тұрақты жұмыс істейтін жедел-тергеу тобы құрылды.
Өткен жылы аумақтық бөлімшелердің өндірісінде 1284 интернет-алаяқтық тіркелді. Оның ішінде 160 қылмыстық іс жүргізілді. 120 іс сотқа жіберілді, 40 іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды. Жалпы шығын 114 млн теңгеден асты.
– Алаяқтықтың жиі тіркелетін түрі – банк қауіпсіздік қызметінің қызметкерлерінен қоңыраулар, барлығы – 358 жағдай. Сондай-ақ интернет-алаяқтықтың ең көп тараған түрлері – интернет-хабарландырулар бойынша жоқ тауар үшін алдын ала төлем алу – 349 жағдай, инвестицияларға қаржы салу – 225 жағдай, онлайн-қарыздарды ресімдеу – 164 жағдай, – деп атап өтті Қостанай облысы ПД бастығының орынбасары Бауыржан Әбенов.
Спикер халық арасында жүргізіліп жатқан белсенді профилактикалық жұмыстарға қарамастан, азаматтар алаяқтардың айла-амалдарына түсе беретінін атап өтті. Осы жылдың қаңтар айында интернет-алаяқтықтың 94 фактісі тіркелді. Азаматтарға келтірілген залал 72 млн теңгені құрады.