Қостанайлық полицейлер 24 жаңа қызметтік автокөлікке ие болды
Қостанай облысының патрульдік полицейлеріне жаңа 24 Chevrolet Cobalt қызметтік автокөліктерінің кілттері табысталды. Жаңа автокөліктер барлық заманауи қауіпсіздік талаптарына жауап береді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жеке құрам алдында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов сөз сөйледі.
– Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында полицияны реформалау бойынша міндеттер қойды. Полиция жұмысының сервистік моделі енгізілді. Негізгі элемент – «қадамдық қолжетімділіктегі полиция» қағидаты. Жыл сайын жергілікті атқарушы органдар полицияның материалдық-техникалық жабдықталуына қаражат бөледі. Соңғы үш жылда автопарк толығымен жаңартылды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету басым бағыт болып табылады, – деп атап өтті Архимед Мұхамбетов.
Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен учаскелік полиция пункттері, модульдік бекеттер салынып, жөнделуде, бейнебақылау жүйелері кеңейтілуде, «SOS» дабыл түймелері орнатылуда, учаскелік полиция инспекторларының жұмыс жағдайлары жақсаруда. Мұның барлығы полицияның қадамдық қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Биыл 5 жаңа учаскелік полиция бекеті және 3 модульдік бекет ашылды. 49 автоураган орнатылып, бейнебақылау жүйесі дамытылуда. Облыс орталығында бейнебақылаумен қамтылмаған орындарда қосымша 40 бейнекамера орнатылады.
Облыстық ПД бастығы Ерлан Омарбеков полицейлер өңірде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қойылған міндеттерді орындау үшін бар күш-жігерін салатынын атап өтті.
– Жергілікті полиция қызметінің негізгі міндеттері – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, халыққа көмек көрсету. Көп жұмыс істеу керек, бірақ бүгін біз оң нәтижелерді көріп отырмыз. Өңірде қылмыс деңгейі төмендеп, халықтың сенімі артып келеді. Материалдық-техникалық базаны нығайту мен заманауи технологияларды енгізудің арқасында азаматтардың өтініштеріне әрекет етудің жеделдігі мен жұмыстың тиімділігі артып келеді, – деді Ерлан Омарбеков.
Айта кетейік, биыл ішкі істер министрі Марат Ахметжанов облыстың учаскелік полиция инспекторларына 20 автокөлік тапсырған болатын.