Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ басшысы Қостанай тұрғындарымен кездесті

Қостанайда ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың кезекті есептік кездесуі өтті. Ведомство басшысы өңір тұрғындарымен кездесіп, проблемалық мәселелерді көтеріп, жергілікті жұртты алаңдатқан сұрақтарға жауап берді, – деп хабарлайды Polisia.kz cайтының тілшісі.

“Жастар сарайы” ғимаратына 1500-ден астам адам жиналды. Кездесу көрсетілімі министрліктің және облыстық полиция департаментінің әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында онлайн режимде жүргізілді. Сонымен қатар жергілікті радиодан маңызды іс-шарадан ақпарат таратылды.

Бірінші кезекте ІІМ басшысы ішкі істер органдарында жүргізіліп жатқан жұмыстар мен елдегі және өңірдегі криминогендік ахуал жайында айтты.

“Қазір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша министрлік ауқымды және терең сапалы өзгерістер енгізуді бастады. Негізгі мақсат – халықтың сенімін арттыру, бюрократиядан арылу, адамның сұранысына бағытталған жұмыс моделіне көшу. Бұл бағытта жұмыс процестерін автоматтандыру, цифрландыру және оптимизациялау шаралары қабылданып жатыр. Қайталанатын функциялар алынып тасталып жатыр. Құқықбұзушылық салдарымен күресу емес, олардың алдын алу мәселесі – басты назарда. Сервистік модельге ауысу аясында полиция қызметі жаңа форматқа көшіп жатыр. Қызметтің барлық саласында аналитиканы қолданып, проблемаға бағдарланған тәсілді енгізіп жатырмыз. Полиция мен Ұлттық ұландағы арнайы бөліністердің жауынгерлік дайындығын нығайтамыз. Кәсіби “ядроны” сақтау үшін кадрмен жұмыс істеу тәсілдері қайта қаралып жатыр. Біздің басты міндетіміз – ХХІ ғасырдың жаңа, ашық, кәсіби және құзыретті қазақстандық полициясын құру”, – деді Марат Ахметжанов.

Өз сөзінде Марат Ахметжанов есірткі бизнесі, интернет-алаяқтық және жол қауіпсіздігі сияқты маңызды тақырыптарға тоқталды. Сонымен қатар министр халықпен кездесулер бүгінгі қоғамды толғандыратын мәселелерді білуге, құқықтық тәртіпті сақтау жоспарларымен бөлісуге және жұртшылықтың ұсыныстарын талдауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Азаматтарды негізінен отбасылық-тұрмыстық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту, ішкі істер органдарына жұмысқа орналасу, облыстың шалғай аудандарында жаңа учаскелік полиция пункттерін ашу мәселелері қызықтырды. Кейбір тұрғындар, тіпті, полицияның құзыретіне кірмейтін сұрақтарды да қойды.

Кездесуге келгендердің арасында өз проблемаларын айтып қана қоймай, полиция қызметкерлеріне алғысын білдіргендер де болды.

“Досым екеуміз Санкт-Петербургтен келдік. 2 қазан күні бізді белгісіз біреулер тонап кеткен болатын. Полицияға арыз жазу туралы көп ойландым. 3 қазан күні жергілікті тұрғындардың айтуымен полицияға жүгіндім. Сол күні кешкісін қылмыскерлер құрықталды. Қостанайлық тәртіп сақшыларының жұмысына таң қалдым. Алғысым шексіз!”, – деді Ресей азаматы Никита Сгадов.

Министр қалған азаматтарды жеке қабылдады. Әкімдіктің және басқа да құқық қорғау органдарының өкілдерімен, сондай-ақ ІІМ орталық аппаратының қызмет басшыларымен бірге ол өтініш білдірген әрбір адамның ісін мұқият қарады. Зер салып тыңдап, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.

Полиция департаментінде Марат Ахметжанов Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Гауез Нұрмұхамбетовпен бірге Әулиекөл ауданындағы өртті жоюға қатысқан полицейлер мен ұландықтарды марапаттады. Полицейлерге “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медальдары, төсбелгілер, құрмет грамоталары және алғыс хаттар табысталды.

Бұл күні қостанайлық учаскелік полиция инспекторларына жаңа 20 қызметтік автокөліктің кілті берілді.

“Жаңа заманауи автокөлік азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Бүгін біз барлық қажеттіліктермен жабдықталғанбыз, әлеуметтік пакет жақсаруда, соның арқасында полиция қызметі беделді бола түсуде”, – деп атап өтті Қостанай қаласының учаскелік инспекторы Теміржан Сақытбаев.

Полиция аға лейтенанты Қостанай қаласының “Заводской” учаскелік полиция пунктінде жұмыс істейді, бұл жердегі тұрғындар саны үш мыңнан астам.

Cондай-ақ ішкі істер министрі Жедел басқару орталығы мен ПД мұражайына барды.

“Полиция департаменті үшін бірінші кезектегі міндет полицейлердің бейнежетондарынан бейнені Жедел басқару орталығына тікелей шығару мәселесін шешу болып табылады. Инновацияларды енгізу сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және ішкі істер органдары жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді”, – деді Марат Ахметжанов.

Жұмыс сапарының соңында Марат Ахметжанов өңірлік полицияның жеке құрамымен кездесті. Министр ішкі істер органдары қызметкерлерін әлеуметтік қорғау мен материалдық қамтамасыз етуді нығайту бойынша қабылданған шаралар туралы хабарлады. “Адалдық пен біліктілік – жаңа Қазақстан полицейлеріне қойылатын негізгі талап”, – деп әріптестерінің есіне салды.

Қостанайлық тәртіп сақшыларының алдына қоғамдық тәртіпті, жол қауіпсіздігін қорғаудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету және заңдылық пен тәртіпті сөзсіз сақтау бойынша нақты міндеттер қойылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру