Қостанайлық полицейлер Тәжікстан елінің азаматтарына көмек көрсетті
Қостанайлық полицейлер Тәжікстан елінің азаматтарына көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Амангелді ауданының полиция бөліміне Тәжікстанның алты азаматы Астанадан шығып хабарсыз кеткені туралы арыз түсті. Олар ауданға қарасты ауылдардың бірінде құрылыс жұмыстарына барған. Бір тәуліктен астам уақыт байланысқа шықпаған.
Полицейлер Мейрамхан Ахметов, Дастан Көшпанов және Ғалымбек Тиштықбаев Амантоғай-Державин автожолының бойында азаматтарды іздеуді бірден бастады.
Іздеу шаралары барысында азаматтардың межелі жерге жете алмағаны анықталды. Жол бойында Амангелді ауданы Горняк ауылынан 60 шақырым жердегі дала жолында көлік бұзылып қалған. Байланыс та болмаған.
Полицейлер Тәжікстан азаматтарын Амангелді ауылына жеткізіп, барлығын тамақтандырып, көлікті жөндеуге көмектесті.
Шетелдік азаматтар полицейлерге көмек көрсеткені үшін өз алғыстарын айтты. Себебі олар далада бір тәуліктен астам уақыт болған.
Қазіргі уақытта Тәжікстан азаматтары Амангелді ауданындағы құрылыс нысанында жұмыс ісеуге дайындалып жатыр.