Қостанайлық полицейлер жастар мен облысқа белгілі спортшылармен кездесу өткізді
Қостанайлық полицейлер жастар мен облысқа белгілі спортшылармен кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара «Біз есірткіге қарсымыз!» науқаны аясында өтті. Оның басты мақсаты салауатты өмір салтын насихаттау болды. Кездесуге облыстың танымал спортшылары шақырылды.
Белсенді диалог форматында спорт шеберлері мен түрлі деңгейдегі жарыстардың жеңімпаздары спорттың өмірде қалай көмектесетіні туралы айтып берді.
Самбо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем кубогының чемпионы Талғат Жиентаев спортпен шұғылдану үшін бізде барлық жағдайлар жасалғанын атап өтті: тегін секциялар, түрлі спорт түрлері бойынша үйірмелер. Ең бастысы-жаман әдеттердің көмегімен емес, спортпен шұғылдану арқылы өмірлік қиындықтарды жеңе білу.
– Мақсатқа жету жолында мінез қабілеті осылай қалыптасады. Бүкіл әлемде жастар салауатты өмір салтына басымдық беріп отыр, – деп жалғастырды Талғат Жиентаев.
«Жекпе-жек» (ММА) спорт шебері, жұдырық лигасының кәсіби спортшысы Әділжан Сандыбеков кез келген спортшы өзінің кәсіби және өмірлік жолын таңдайтын көптеген жастар үшін үлгі бола алатынына сенімді.
Президенттік көпсайыстан еңбек сіңірген спорт шебері, әлем чемпионы Әнуар Қозыбаев және шорт-тректен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Саппородағы қысқы Азия ойындарының қатысушысы, сондай-ақ ҚР чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы Қуандық Сүлейменов жоғары жетістіктерге қалай жеткені туралы айтып берді.
– Мұндай кездесулерді біз үнемі өткізіп тұрамыз. Басты мақсат-жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Сонымен қатар танымал адамдардың жетістіктерімен қызықтыру. Іс – шараға 300-ден астам адам қатысты, – деп атап өтті Қостанай облысы ПД ЕҚҚІҚБ аға жедел уәкілі Айгүл Ераділова.
Кездесу «Мирас» МҮ әртістері қатысқан концертпен аяқталды.