Құжатсыз рөлге отырған мас жүргізуші ұсталды
Түркістан облысында полицейлер көлікті жүргізуші куәлігінсіз басқарған мас жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төлеби АПБ-нің кезекші бөліміне мас күйінде автокөлікті жүргізіп келе жатқан Ленгер қаласының тұрғыны ұсталғаны туралы хабарлама келіп түскен. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында қала көшелерінің бірінде тәртіп сақшылары «ВАЗ» автокөлігін тоқтатты. Құжаттарды тексеру кезінде полицейлер жүргізушінің көлікті мас күйінде басқарғанын анықтады. Медициналық тексерудің нәтижесінде тәртіп бұзушы «орта дәрежеде мас күйінде» болғаны анықталды.
Сонымен қатар, жүргізуші алдын осындай құқық бұзушылық жасағаны үшін яғни 2019 жылы сот шешімімен үш жылға автокөлікті басқару құқығынан айырылған болып шықты. Алайда, ер адам мас күйінде және жүргізуші куәлігінсіз рульге қайта отырған.
Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе осындай адамның көлік құралын басқаруға жіберілуі) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бас шарасы қолхатта. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарды жолдарда абай болуға, жол жүру ережелерін қатаң сақтауға және ең бастысы мас күйінде көлік жүргізбеуге шақырады. Жүргізушілер есіңізде болсын, жол ережесін сақтаңыз, бұл сіздің өміріңізді ғана емес, жолаушылар мен жақындарыңыздың өмірін сақтауға көмектеседі.