Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы түсіндірме жұмыстар жүргізілді

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы түсіндірме жұмыстар жүргізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты № 68 мемлекеттік мекемесінде, мемлекетіміздің өркендеуіне теріс әсерін тигізетін сыбайластықты болдырмау мақсатындағы жұмыстар мекеменің тәрбие және кадр жұмысы тобымен бірлесіп ұдайы ұйымдастырылып тұрады. Нақтырақ айтсақ, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басқармасының бас маманы Жанар Қозбағаровамен Қорқыт ата универститінің комплайнс офицері Әлібек Жаппасбаев арнайы шақыртылып, сыбайлас жемқорлық тақырыбында бірқатар түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Алғашқы болып, мекеменің кадр жұмысы тобының аға инспектор маманы Д.Шахи сыбайлас жемқорлықтың орын алған фактілері бойынша жеке құрам қызметкерлеріне баяндама оқыды. Өз кезегінде сөз алған бас маман “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимылдың жаңа тетіктері” деген тақырыпта баяндама оқыды. Баяндама барысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің 2022 жылдың 2 ақпанындағы №802 жарлығымен шыққан ҚР-ның 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасында жазылған негізгі мазмұны және мемлекет басшысының тарапынан шыққан  бірқатар бұйрықтар мен заңдары  жөнінде тарқатып, оқып берді. Ал, офицер Жаппасбаев Әлібек 2023 жылдағы Қызылорда облысындағы  сыбайлас жемқорлық бойынша орын алған фактілерге шолу жасады.

Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде. Соның ішінде ішкі істер органдары қызметкерлері  арасында сыбайлас жемқорлыққа қатысты заң бұзушылыққа бару әрекеттері кездесіп тұрады, мұндай әрекеттің алдын алу және жол бермеу әрбір жеке құрам  қызметкерлерінің міндеті және борышы екенін ұмытпаңыздар. Құқық саласының қызметкерлері  заңдылықтарды ескере отырып, ешқашан жемқорлыққа жол бермеуі керек, – деп қатысушыларды заң талаптарын орындауға шақырды Әлібек Жаппасбаев.

Шара соңында туындаған сұрақтарға жауап беріліп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бейнеролик көрсетілді. Бейнероликтен ой түйген жеке құрам сыбайлас-жемқорлық заң бұзушылығына барудың салдарының өте ауыр болатынын, қылмыстық  жауапкершілікке, жұмыстан қуылу, отбасылық қиыншылықтарға, бір сөзбен айтқанда жемқорлық әрекеттер әрбір қызметкердің болашағына балта шапқанымен бір деген қорытындыға келді.

Жауап қалдыру