Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД қызметкері «Өнегелі отбасы» байқауында жүлделі орынға ие болды
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД қызметкері «Өнегелі отбасы» байқауында жүлделі орынға ие болды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада өткен «Өнегелі отбасы» республикалық байқауында Қызылорда қаласындағы қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №60 мекемесі басшысының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Алтынбек Ускенбаев бастаған Ускенбаевтар отбасы І орын иегері атанды.
Жеңімпаз отбасыға «Өнегелі отбасы» төсбелгісі, арнайы куәлік және кубок табысталды. Сонымен қатар Ускенбаевтар әулетінің елге сіңірген еңбегі мен отбасы құндылықтарын дәріптеудегі үлгісі «Өнегелі отбасы» жинағына енгізілді.
– Байқауға қатысу арқылы отбасы құндылықтарын насихаттап, жастарға үлгі болуға тырыстық. «Отан – отбасынан басталады» деген ұстаныммен әр шаңырақтың берекесі мен бірлігі маңызды деп білемін. Елдің тұғыры мықты болуы әр отбасының мықтылығына тікелей байланысты, – деді Алтынбек Ускенбаев өз сөзінде.
Айта кетейік, «Өнегелі отбасы» байқауының негізгі мақсаты – қоғамда үлгілі отбасылардың беделін арттырып, дәстүрлі құндылықтарды насихаттау.