Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында айтыскер ақын жазасын өтеушілермен тағылымды кездесу өткізді

Қазақтың айтыс өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар, үш дүркін "Алтын домбыра" иегері, белгілі айтыскер ақын Мұхтар Ниязов жазасын өтеушілермен кездесті, - деп хабарлайды Polisi.kz.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеу, рухани тәрбие беру және танымал тұлғалармен жүздестіру мақсатында ұйымдастырылған кездесуде ақын өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, тағылымды ойларын ортаға салды.

Әңгіме барысында Мұхтар Ниязов өмірде әртүрлі жағдайлар мен қиындықтар кездесетінін айта келе, отбасының қадірін білу, жақындарының бағасын түсіну маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ әр адамның қоғамда өз орны бар екенін айтып, жазасын өтеушілерді өткеннен сабақ алып, болашаққа сеніммен қарауға шақырды.

- Бір қателік жасады екен деп адамды жек көруге болмайды. Ең бастысы – одан сабақ алып, өмірден өз орныңды табу. Отбасыларыңызбен аман-есен қауышып, қоғамға қайта бейімделулеріңізге тілектеспін, – деді ақын.

Сонымен қатар кездесуді ұйымдастырған мекеме әкімшілігіне алғысын білдірді.

Өз кезегінде ҚАЖ департаменті бастығы орынбасарының міндетін атқарушы Мақсұт Өтегенұлы құрметті қонаққа ризашылығын жеткізді.

- Сіздің ұлттық өнер жолында төккен теріңіз бен туған жырларыңыз халық жүрегіне жол тауып, елдің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Ата-бабамыздан мұра болып қалған айтыс өнерінің қадір-қасиетін сақтап, оны келешек ұрпаққа аманат етудегі үлесіңіз зор. Сөз қадірін ұғынған сіздей ардақты азаматты қашанда мақтан тұтамыз, – деді ол.

Шара барысында құрметті қонақтың иығына дәстүрге сай шапан жабылып, ұлттық өнерді дамытуға қосқан үлесі мен тағылымды кездесуі үшін алғыс білдірілді.

Кездесу ашық сұхбат форматында жалғасып, жазасын өтеушілер ақынға көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Еркін пікір алмасу барысында айтыс өнері, шығармашылық және өмірлік ұстанымдар төңірегінде әңгіме өрбіді.

Кездесудің ерекше сәттерінің бірі – жазасын өтеушілердің бірінің өз қолымен жасаған домбырасын ақынға тарту етуі болды. Өз кезегінде Мұхтар Ниязов домбырамен арнау орындады. Әсерлі жырды тыңдағандардың арасында көзіне жас алғандар да болды.

Рухани мазмұнға толы кездесу қатысушыларға ерекше әсер қалдырды. Ұлттық өнер арқылы адамгершілікке, ізгілікке және өмірге деген сенімге үндеген бұл шара жазасын өтеушілер үшін тағылымы мол жүздесу болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру