Қызылорда облысында ІІО Ардагерлер кеңесі төрағаларының көшпелі отырысы өтті
Қызылорда облысында ІІО Ардагерлер кеңесі төрағаларының көшпелі отырысы өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Жалағаш ауданындағы “Руханият” орталығында Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әмірбек Шаймағамбетовтың бастамасымен “Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар” тақырыбында қала және аудандық ішкі істер органдарының Ардагерлер кеңесі төрағаларының көшпелі отырысы өтті. Іс-шараға полиция департаментінің басшылығы, ішкі істер органдарының ардагерлері, қала және аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағалары қатысты.
Көшпелі отырысты Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Оралбек Омаров ашып, ардагерлер ұйымының қызметін жетілдіру, ардагерлерді әлеуметтік қолдау, олардың қоғамдық өмірдегі белсенділігін арттыру және өскелең ұрпақты отансүйгіштік пен адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеу бағытындағы бірлескен жұмыстардың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен тағылымын кейінгі буынға насихаттау – баршаның ортақ міндеті екенін атап өтті.
Отырыс барысында Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әмірбек Шаймағамбетов ардагерлер ұйымдарының атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттерге тоқталып, олардың қоғамдағы рөлін арттыру, жастар тәрбиесінде олардың тәжірибесін кеңінен пайдалану және ұрпақтар сабақтастығын нығайту бағытындағы жұмыстардың маңызын атап өтті. Сондай-ақ қатысушылар тәлімгерлік институтын дамыту, ардагерлерді әлеуметтік қолдау және алдағы кезеңге арналған бірлескен жұмыстардың басым бағыттарын талқылап, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Кездесу ардагерлер ұйымдарының өзара ынтымақтастығын нығайтуға, тәжірибе алмасуға және жас қызметкерлерге тағылымды тәрбие беру бағытындағы жұмыстарды одан әрі жетілдіруге ықпал етті.
Қызылорда облысы Ішкі істер органдарының Ардагерлер кеңесі төрағаларының көшпелі отырысы Жалағаш аудандық полиция бөлімінде жалғасын тапты.
Іс-шара аясында алдымен Жалағаш аудандық полиция бөлімі жанынан ашылған тарихи-өлкетану музейінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ашылу рәсімінен кейін қатысушылар музей экспозицияларымен танысып, ішкі істер органдарының тарихын, ардагерлердің қызмет жолын және өңірдің тарихи мұрасын айшықтайтын құнды жәдігерлерді тамашалады.
Сондай-ақ қатысушылар Ардагерлер аллеясын аралап, жүзеге асырылған абаттандыру жұмыстарын және аллеяның мазмұндық ерекшелігін тамашалады.
Кейін ардагерлер бөлімнің Жедел басқару орталығы мен кезекші бөлімінің жұмысымен танысып, азаматтардың өтініштері мен хабарламаларын қабылдау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тәулік бойы атқарылатын қызметтің ұйымдастырылу барысымен танысты.
Іс-шара соңында ардагерлер Ардагерлер кабинетінде болып, бөлімнің ардагерлер қозғалысының қалыптасу тарихын бейнелейтін жәдігерлермен, марапаттармен және естелік бұрышымен танысты.
Кездесу барысында ардагерлер полиция бөлімінде жасалған жағдайларға оң бағаларын беріп, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, жас қызметкерлерге тағылымды тәрбие беру және ардагерлердің өмірлік тәжірибесін кеңінен насихаттаудың маңыздылығын атап өтті.
