Қызылорда облысында интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытында маңызды кездесу өтті
Қызылорда облысында интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытында маңызды кездесу өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен аумақтық басқарма мамандарына арналған.
Кездесуге полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері қатысып, қазіргі таңда кең таралған интернет-алаяқтық түрлері туралы жан-жақты ақпарат берді. Мамандар алаяқтардың әрекет ету тәсілдерін түсіндіріп, азаматтарды алдаудың жиі кездесетін схемаларына тоқталды.
Атап айтқанда, жалған сайттар, күмәнді сілтемелер, сондай-ақ белгісіз нөмірлерден келетін қоңыраулар мен хабарламалардан сақ болу қажеттігі ерекше атап өтілді. Сонымен қатар қатысушыларға жеке деректерді қорғау, банк карталарының мәліметтерін үшінші тұлғаларға бермеу және тек ресми, сенімді интернет-ресурстарды пайдалану жөнінде нақты ұсыныстар берілді.
Іс-шара барысында мамандар интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік талаптарын сақтау әр азаматтың жеке жауапкершілігі екенін атап өтті. Күмәнді жағдайлар туындаған кезде азаматтарға бірден құқық қорғау органдарына жүгіну ұсынылды.
