Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында тәртіп сақшыларына жаңа қызметтік көліктер берілді

Қызылорда облысында тәртіп сақшыларына жаңа қызметтік көліктер берілді, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысында полиция күніне орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шара ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген тәртіп сақшыларына деген құрметтің жарқын көрінісіне айналды. Бұл күні Сыр өңірінің полиция қызметкерлеріне жаңа үлгідегі қызметтік автокөліктер табысталып, құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасы тағы да бір мәрте жаңарды.

Аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев полиция қызметкерлеріне салтанатты түрде су жаңа қызметтік көліктердің кілтін табыстады. Қызылорда облысы полиция департаментінің автопаркі жаңа көліктермен толықты.

Жиын Орталық алаңда өтіп, оған өңір басшылығы, құқық қорғау органдарының өкілдері және сала ардагерлері қатысты.

Салтанатты шарада облыс әкімі сөз сөйлеп, өңірде полиция департаменті бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында тиімді шаралар қабылданғанын атап өтті. Көліктерді тапсырып, өңірдегі қауіпсіздіктің артатынына сенім білдірді.

Бүгінде өңірімізде құқық қорғау органдарын материалдық-техникалық тұрғыда нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді.

Табысталып отырған 100 көлік полиция қызметін жаңғырту және қызметкерлерге қолайлы жағдай жасау бағытындағы кешенді жұмыстың бір бөлігі.

– Жаңа қызметтік көліктердің табысталуы – тек материалдық қолдау ғана емес, сонымен қатар тәртіп сақшыларына деген сенім мен құрметтің белгісі. Бұл өз кезегінде олардың қызметіне жаңа серпін беріп, халық алдындағы жауапкершілігін одан әрі арттыра түсетіні анық.

“Заң мен тәртіп” қағидаты – мемлекет тұрақтылығы мен қоғамдық қауіпсіздіктің берік іргетасы. Көрсетіліп отырған қолдау жүктелген міндеттерді тиімді орындауға елеулі серпін беретіні сөзсіз.

Облысымызда бүгінгі күні қылмыс деңгейі айтарлықтай азайып, қазіргі уақытта өңірдегі криминогендік ахуал тұрақты. Осы тұрғыда полиция қызметкерлерін материалдық-техникалық жабдықтау – қылмыс санын азайтуға септігін тигізуде, — деді департамент бастығы С.Ергешов.

Тәртіп сақшыларына берілген темір тұлпарлар тұтастай заманауи құралдармен жабдықталған. Олар сенімді байланыс құралдарымен, бейнетіркеу жүйелерімен, бағыттау құрылғыларымен, арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен, сондай-ақ жедел қызмет атқаруға қажетті басқа да техникалық мүмкіндіктермен жабдықталған. Бұл тәртіп сақшыларының жедел әрекет етуі мен жұмысының сапасын арттырады.

Полицейлердің айтуынша, жаңа автокөліктердің берілуі қызметкерлердің жұмыс өнімділігіне тікелей әсер етеді. Жаңа қызметтік автокөліктің кілтін қабыл алған Жалағаш аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция қызметкері Жасұлан Айтбай өз ризашылығын білдіріп, бұл қолдаудың жеке құрам үшін үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.

– Бүгін біз үшін ерекше күн. Қызметтік автокөліктердің жаңаруы – мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен сенім мен қолдаудың айғағы. Бұл сенім бізді одан әрі жігерлендіріп, қызметімізді адал әрі нәтижелі атқарып, қызметтің тиімділігін арттыруға үлкен мүмкіндік береді, – дейді Жасұлан Айтбай.

Шара барысында сала ардагерлері жас буынға ізгі тілектерін арнап, адал қызмет пен жоғары жауапкершіліктің маңызын атап өтті. Олар полиция қызметінің абыройлы да жауапты міндет екенін, әрбір қызметкер ел қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек етуі керектігін жеткізді.

Осылайша, Сыр өңірінде өткен салтанатты шара “Заң мен тәртіп” қағидатын нығайту жолындағы маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне жаңа серпін берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру