Қызылорда облысында террористік тұрғыдан осал объектілердің қауіпсіздігін күшейту мәселелері талқыланды
Қызылорда облысында террористік тұрғыдан осал объектілердің қауіпсіздігін күшейту мәселелері талқыланды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және террористік тұрғыдан осал объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда қаласында жұмыс кездесуі өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы ҰҚК-нің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің терроризмге қарсы орталығының қызметкерлері, Қызылорда облысы полиция департаментінің Күзет қызметін бақылау бөлімі мен арнайы жасақ қызметкерлері, сондай-ақ Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасының мамандары қатысты.
Жұмыс кездесуіне облыс орталығындағы кафе-барлар, мейрамханалар және қоғамдық тамақтану орындарының өкілдері шақырылды.
Кездесу барысында қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес терроризмге қарсы қорғанысты ұйымдастыру, нысандардың қауіпсіздік жүйелерін жетілдіру, бейнебақылау жүйелерінің тиімді жұмысын қамтамасыз ету, кіру-шығу режимін сақтау және төтенше жағдайлар кезіндегі қызметкерлердің іс-қимыл алгоритмдері жан-жақты талқыланды.
Сонымен қатар облыс аумағында қызмет көрсететін жеке күзет ұйымдарының қызметкерлеріне теориялық және практикалық сабақтар ұйымдастырылып, заң талаптарын сақтау, терроризмнің, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, күзетілетін нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қосымша нұсқаулықтар берілді. Іс-шара барысында арнайы даярланған оқу бейнероликтері көрсетілді.
Кездесудің негізгі мақсаты – террористік тұрғыдан осал объектілердің қорғалу деңгейін арттыру, кәсіпкерлік субъектілерінің қауіпсіздік талаптарын сақтау жөніндегі жауапкершілігін күшейту және мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері арасындағы өзара іс-қимылды нығайту.
Осы бағыттағы профилактикалық және түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.
