Қызылорда облысында жол қозғалысы ережесін бұзған жаяу жүргіншілер жауапқа тартылды
Қызылорда облысында жол қозғалысы ережесін бұзған жаяу жүргіншілер жауапқа тартылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Осы мақсатта облыстық полиция департаментінің қызметкерлері күнделікті күшейтілген режимде қызмет атқаруда.
Жол-көлік оқиғаларының болуына жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін сақтамауы да әсер етеді. Атап айтқанда, азаматтардың арнайы белгіленген жаяу жүргіншілер өткелін пайдаланбай, жолдың кез келген жерінен кесіп өтуі өз өміріне ғана емес, өзге жол қозғалысына қатысушыларға да қауіп төндіріп, жол апатына себеп болуы мүмкін.
Жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларының көмегімен жыл басынан бері жол қозғалысы ережелерін бұзған 7 мыңға жуық жаяу жүргінші анықталды. Аталған құқық бұзушылықтар бойынша полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 615-бабына (Жаяу жүргіншілердің және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы) сәйкес әкімшілік хаттамалар рәсімдеп, құқық бұзушылар заң аясында жауапкершілікке тартылды.
Полиция барлық жол қозғалысына қатысушыларды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Жаяу жүргіншілер тек белгіленген өткелдер арқылы өтіп, бағдаршам талаптарын орындауы қажет. Ал жүргізушілер жаяу жүргіншілерге жол беріп, жылдамдық режимін сақтап, жолда барынша мұқият болғаны жөн.
