Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында семинар-тренинг өтті

Қызылорда облысында зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында семинар-тренинг өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

“Руханият” орталығында Қазалы ауданының қоғамдық даму бөлімінің 2026 жылға арналған “Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясатты іске асыру бағытында шаралар ұйымдастыру” әлеуметтік жобасы аясында “Бақыттың бастауы: отбасындағы сенім мен сыйластық” тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырылды.

Шараның негізгі мақсаты – қазақ әйелінің қоғамдағы рөлін күшейту, отбасылық құндылықтарды насихаттау, бала тәрбиесі, ерте жүктілік, суицид, тұрмыстық зорлық-зомбылық және ажырасудың алдын алу мәселелері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу.

Семинар-тренингке Еңбек ардагері, Қазалы ауданының құрметті азаматы, кәсіпкер ана Әби Бибісара, Қызылорда облыстық психологиялық қолдау орталығы әдістемелік жұмыс бөлімінің басшысы, психолог Жания Бисенова, Қазалы аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы Жасұлан Аманов, әйелдер кеңестерінің төрайымдары мен мүшелері, көпбалалы және жас аналар қатысты.

Тренингті Отбасын қолдау орталығының кейс-менеджері, “Amanat” партиясы аудандық филиалы жанындағы әйелдер қанатының мүшесі Жанар Қайназарова жүргізді.

Іс-шара барысында Батыр ана Әби Бибісара отбасы құндылықтары, ұрпақ тәрбиесі және қоғамдағы аналардың рөлі туралы ой бөлісіп, өмірлік тәжірибесінен тағылымды әңгіме өрбітті.

Қазалы аудандық полиция бөлімінің инспекторы Ж.Аманов отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан профилактикалық жұмыстар жөнінде баяндама жасады.

Ал психолог Ж.Бисенова отбасындағы сенім, өзара сыйластық, тиімді қарым-қатынас мәдениеті, дағдарыс жағдайындағы қолдау және бала тәрбиесіндегі психологиялық әдістер туралы кеңінен түсіндіріп, қатысушыларға практикалық ұсыныстар берді.

Шара соңында кенттік мәдениет үйінің өнерпазы қатысушыларға музыкалық бағдарлама ұсынып, Мұқағали Мақатаевтың “Мен деп ойла”, Құрмаш Мақанның “Кездесу мен қоштасу” әндерін орындап, әсерлі көңіл-күй сыйлады.

Қатысушылар ұйымдастырушылар мен спикерлерге ризашылықтарын білдірді.

Семинар-тренинг қорытындысында аудан әкімі жанындағы отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен қоғамдық даму бөлімі атынан шараға қатысқан барлық спикерге, ұйымдастырушыларға және қатысушы аналарға алғыс айтылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру