Қызылорда полицейлері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында қабылдау өткізді
Қызылордада полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында тақырыптық қабылдау өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін “Аманат” партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен Отбасы күні мерекесі қарсаңында партияның “Құқықтық көмек” жобасы аясында “Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу” тақырыбында қабылдау өтті.
Қабылдауды жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Светлана Баймағанбетова және жергілікті полиция қызметі бөлімінің аға инспекторы Әйгерім Ерболат жүргізді. Келушілер алимент өндіру, тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайы бойынша байланысу жолдары тақырыптарында сұрақтары мен ұсыныстарын білдірді.
Азаматарға ҚР Қылмыстық Кодексінің 109-1 бабына сәйкес 80 АЕК-ке дейінгі айыппұл, түзету жұмыстары, 80 сағат қоғамдық жұмыс немесе 25 күнге қамауға алу көзделгені түсіндірілді. Сонымен қатар денсаулыққа қасақана жеңіл, орташа және ауыр зиян келтіру, қинау баптары бойынша қаралған жауапкершіліктер туралы мәлімет берілді.
Тұрмыстық бағытта заң бұзушылық болғанын байқасаңыз тәулік бойы полиция желісі “102” және “111”, “150” жедел желісінің телефондары жұмыс істейтіні, оларға әрбір қоңырау шалған адам тиісті кеңес немесе қолдау алуға мүмкіндігі бар екені түсіндірілді.
Айта кетейік, партияның “111” қызу желісінің жұмысына тоқталып, байланыс желісі әрдайым көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді. 2020 жылдың қыркүйегінен бастап “Аманат” партиясы жанынан “111” байланыс орталығының жедел қызметі жұмыс істейді.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері қабылдаудан кейін халық көп шоғырланған орындарда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған ақпараттық брошюраларды таратып, ақпараттандыру жұмыстарын жүргізді.