Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда тұрғыны Түркістан облысында ұрлық жасады

Түркістан облысына қонақ болып барған Қызылорда облысының тұрғыны өзгенің телефондарын ұрлап, ломбардқа өткізіп жіберген, – деп хабарлайды Polisia.kz

Түлкібас аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арыз түсірді. Әйел адамның айтуынша, үйінің ішіндегі жатын бөлмесінде тұрған IPhone 12 және IPhone 13 телефондарын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі – 700 мың теңге.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алды. Тәртіп сақшылары қылмысты ашып, күдіктіні ұстау үшін оқиға орнына шықты. Олар көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Полицейлердің жедел-іздестіру шарасының нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар Қызылорда облысының тұрғыны анықталды.

Белгілі болғандай, сезікті жігіт Түлкібас ауданына туыстарының тойына келген. Содан күдікті тойдан шығып, жергілікті тұрғынның үйіне байқатпай кіріп, ұрлыққа түскен. Яғни, оңай жолмен олжалы болуды көздеген қызылордалық тұрғын телефондарды қолды қылған. Осыдан соң бөтеннің мүлкін ломбардқа өткізген. Полицейлер айғақты зат ретінде телефондарды алып, заңды иесіне қайтарды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру