Қызылордада ерлікпен қаза тапқан полицейді еске алуға арналған республикалық турнир өтті
Қызылордада ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерін еске алуға арналған республикалық турнир ұйымдастырылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылордада қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан ІІ дәрежелі “Айбын” орденінің иегері, полиция аға лейтенанты Талғат Қозыбаевты еске алуға арналған кіші жасөспірімдер арасында қазақ күресінен республикалық турнир өткізілді.

Турнирдің басты мақсаты – жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, ұлттық спортты насихаттау және батыр ерлердің ерлігін ұлықтау.

Жарыстың ашылу салтанатына Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов және ІІО ардагерлер кеңесінің төрағасы Әмірбек Шаймағанбетов арнайы қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына үлес қосқан жаттықтырушылар мен ұйымдастырушылар алғыс хаттармен марапатталды.

Аталған спорттық іс-шара Сырдария ауданының дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімі тарапынан ұйымдастырылып, Қызылорда облысы ардагерлер кеңесі мен Сырдария ауданы полиция бөлімінің қолдауымен өтті.

