Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада “Мал ұрысы” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр

Қызылорда облысында “Мал ұрысы” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараның мақсаты – мал ұрлығының алдын алу, ашу, мал ұрлаумен айналысатын тұлғаларды анықтау.

Полиция қызметкерлері ветеринария қызметімен бірлесіп, құжатсыз төрт түлік малды тасымалдау фактілерін, мал союға және ет сатуға арналған сертификаттың бар-жоғын анықтау үшін рейдтік іс-шаралар жүргізуде.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерінің сақталуын қадағалау бойынша жұмыстар өткізіліп жатыр.

2020 жылдың қазан айынан бастап ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың тәртібі белгіленді. Бұл талапты бұзған мал иелеріне Қазақстан Республикасы Әкімшілік кодексінің 408-бабымен (Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу) әкімшілік жаза қарастырылған.

– Мал ұрлықтарының алдын алу және ашу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Нәтижесінде мал ұрлау дерегі 30%-ға азайды. Мал ұрлығы бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отырғаны жасырын емес. Төрт түлік мал көбіне қараусыз жайылатын жерлерден кешкі уақытта ұрланады. Бұған қоса, тұрғындар малының ұрланғандығы туралы полиция органдарына кеш хабарлайды. Мал иелері өздерінің малдарының жоғалғанын байқаса да, полицияға хабар бермей, жоғалған малдарын өз бетінше іздейді, соның салдарынан арада біраз уақыт өтіп кетеді, ұрланған мал мен оны ұрлауға қатысты тұлғаларды іздестіруді жеңілдететін маңызды айғақтар мен іздер жоғалады. Осылайша, мал ұрлықтарын жедел түрде ашу мүмкіндігі азаяды. Мал ұрлықтарының алдын алу мақсатында қажетті іс-шаралар қабылданып жатыр. Алайда, бұл жеткіліксіз. Төрт түлігін түлетіп, содан ризығын айырып келе жатқан өңір тұрғындары жауапкершілік танытулары қажет, – дейді Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру