Қызылордада полицейлер жасөспірімдермен кездесу өткізді
Қызылордада полицейлер жасөспірімдермен кездесу өткізді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі қоғам назарындағы маңызды бағыттардың бірі. Өскелең ұрпақ – елдің ертеңі болғандықтан, олардың дұрыс тәрбие алып, заңға құрметпен қарауы баршаға ортақ міндет.
Осы бағытта Қызылорда облысы полиция департаменті облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасымен бірлесіп, облыс орталығындағы №1 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде профилактикалық кездесу өткізді.
Кездесуге есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және киберқылмысқа қарсы күрес бағытындағы мамандар қатысып, жасөспірімдермен ашық пікір алмасты. Шара барысында құқық бұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын сақтау және жеке жауапкершілік мәселелері жан-жақты түсіндірілді.
Сонымен қатар буллинг пен кибербуллинг, интернеттегі қауіпсіздік, құмар ойындарға тәуелділік, нашақорлық пен зорлық-зомбылық сияқты өзекті тақырыптар қозғалды.
Қатысушыларға есірткіге қатысты құқық бұзушылықтар үшін көзделген жауапкершілік шаралары да кеңінен түсіндірілді.
Тәртіп сақшылары оқушыларға күнделікті өмірде кездесетін түрлі жағдайларда дұрыс шешім қабылдау жолдарын айтып, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған нақты кеңестер берді.
Еркін форматта өткен кездесу оқушылардың белсенді қатысуына мүмкіндік беріп, олардың өз пікірлерін ашық жеткізуіне жағдай жасады. Қарапайым тілде жүргізілген түсіндіру жұмыстары жастардың қызығушылығын арттырды.
Нәтижесінде аталған шара жасөспірімдер мен мамандар арасында өзара түсіністік пен сенімге негізделген тиімді байланыс орнатуға ықпал етті.
