Қызылордада ҚАЖ қызметкерлері суға батқан адамды құтқару тәсілдерін үйренді
Қызылордада ҚАЖ қызметкерлеріне судағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №37 мекемесінде жеке құрам қызметкерлерінің кәсіби даярлығын жетілдіру, салауатты өмір салтын насихаттау және қызметтен тыс уақытта құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында әдістемелік сабақ ұйымдастырылды.
Іс-шара "Евразия" спорт кешенінің бассейнінде өтті. Кешен мамандары қызметкерлерге жүзу тәсілдерін, суға батып бара жатқан адамды құтқару әдістерін және алғашқы медициналық көмек көрсету тәртібін түсіндірді.
Практикалық сабақ барысында қатысушылар судағы қауіпсіздік ережелерімен танысып, төтенше жағдай кезінде дұрыс әрі жедел әрекет ету дағдыларын пысықтады.
Мұндай іс-шаралар қызметкерлердің дене дайындығын нығайтып қана қоймай, олардың төтенше жағдайларда сауатты әрекет етуіне және адам өмірін сақтауға қажетті дағдыларын жетілдіруге ықпал етеді.
