Қызылордада рейдтік шаралар жалғасуда
Қызылордада рейдтік шаралар жалғасуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі таңда жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселесі қоғам үшін аса өзекті. Жолдағы қауіпсіздік тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігіне тікелей байланысты. Себебі бір сәттік салғырттықтың өзі адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Қызылорда облысы Полиция департаменті жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жыл басынан бері бірқатар кешенді шараларды жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда, "Қауіпсіз жол", "Мотоцикл", "Скутер", "Автобус", "Тасымалдаушы", "Абайлаңыз, балалар!", "Бала – сіздің жолаушыңыз", "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шаралары, сондай-ақ "Жолда қабылдау" акциялары ұйымдастырылып, тұрғындар арасында ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Демалыс күндері өткізілген алдын алу шараларының нәтижесінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 4344 дерегі анықталып, жолы кесілді. Олардың қатарында тіркелмеген немесе мемлекеттік нөмірсіз көлік құралдарын басқару, сондай-ақ техникалық тексеруден өтпеген автокөліктерді пайдалану фактілері бар.
Сонымен қатар жүргізушілердің ұялы телефон қолдануы, қарсы бағытқа шығуы, көлікті мас күйде басқаруы сияқты өрескел құқық бұзушылықтар да анықталып, олардың жолы кесілді. Нәтижесінде ондаған ықтимал жол-көлік оқиғасының алдын алынды.
Рейд қорытындысы бойынша 188 автокөлік айып тұрағына қойылып, 81 көліктің мемлекеттік нөмірлік белгілері алынып, қозғалысы шектелді. Бұл – жол қозғалысы талаптарының сақталуын бақылауға бағытталған нақты шаралардың нәтижесі.
Мәселен Қызылорда қаласында 35 жастағы азамат Mercedes-Benz автокөлігін алкогольдік масаң күйде басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен ол 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Ал Шиелі ауданында 27 жастағы азамат Lada 2107 автокөлігіне көрінеу жалған мемлекеттік нөмір тағып басқарғаны анықталып, сот шешімімен 1 тәулікке қамауға алынып, 1 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Мұратбек Манатовтың айтуынша, мұндай жүйелі шаралар жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауыр зардаптардың алдын алуға бағытталған.
Мамандардың пікірінше, жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі жүргізушілердің жауапсыздығы мен жол ережелерін елемеуінен туындайды. Сондықтан әрбір жүргізуші көлік құралын уақтылы техникалық тексерістен өткізіп, оның жарамдылығына көз жеткізуі қажет. Себебі кез келген ұсақ ақаудың өзі ауыр апатқа себеп болуы мүмкін.
Жол қауіпсіздігін сақтау – баршамызға ортақ міндет. Осы ретте әрбір жүргізуші мен жаяу жүргінші жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, өз өмірі мен өзгелердің қауіпсіздігіне бейжай қарамауы тиіс.
Жолдағы тәртіп – адам өмірі мен денсаулығын сақтаудың кепілі.
