Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада Республика күні қарсаңында 250-ге жуық полиция қызметкері мен ардагер марапатталды

Қызылорда қаласындағы Достық үйінде 25 қазан – Республика күніне арналған салтанатты шара өтті. Жиында өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосқан сала ардагерлерінің, полиция қызметкерлерінің еңбегі еленіп, департаменттің жетістіктері сараланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мемлекет басшысының бастамасымен Республика күні ұлттық деңгейде аталып өтілуде. Елімізде Әділетті Қазақстан құру бойынша ауқымды реформалар қабылданып, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар іске асырылып жатыр. Ел дамуына қомақты үлес қосып, аптасына жеті күн, тәулігіне 24 сағат тыным таппайтын тәртіп сақшылары марапат биігінен көрінді.

Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылды. Мерекелік кеш барысында ішкі істер министрі Ержан Саденовтің жедел хаты оқылды.

“Елдің жарқын болашағы үшін адал қызмет ету – басты міндетіміз” деп сөз бастаған Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Махсудхан Аблазимов мерекемен құттықтап, департаменттің жетістіктерін жіпке тізді.

– Тәуелсіздік қай елдің болсын басты игілігі. Баға жетпес құндылығы. Түтіні түзу ұшқан, үдемелі үдерісі бар еліміз дамудың даңғыл жолында. Бүгінгі күні егемендік алып, еңсесін тіктеген мемлекетіміз бұл ұлттық мерекені күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтіп жатыр. Қайта оралып, ұлттық мереке мәртебесін алған Республика күнін атап өту халық үшін айрықша мәнге ие. Барша қазақстандықтарды халқымыз үшін аса қастерлі, ұлық мереке Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің дамуы жолында әрбіріңіздің еңбектеріңіз табысты, барлық бастамаңыз сәтті болсын! Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын! Бірлігіміз бекем, ынтымағымыз ырысты болып, егемен еліміз гүлдене берсін, – деді департамент бастығы Махсудхан Аблазимов.

Мереке күні ерен еңбек ескеріліп, бірқатар азамат марапатқа бөленді. ҚР ішкі істер министрінің және Қызылорда облысы ПД бастығының бұйрығымен қызметтік міндеттерін адал атқарған, құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ерекше көзге түскен департаменттің 250-ге жуық қызметкері мен ардагері марапатталды. Сондай-ақ ұзақ жылдар бойы iшкi iстер органдарында қызмет етiп, құрметті еңбек демалысына шыққан ардагерлер қауымына да департамент бастығының алғыс хаттары табыс етілді.

Ұлттық рухты көтеретін мереке қарсаңында ұйымдастырылған бүгінгі шара мерекелік концертке ұласып, көптің көңілі шатқа бөленді. Өңіріміздің өнерпаздары әннен шашу шашып, жиынға келгендер өнерге сусындап бір жадырап қалды. Сонымен қатар жиынға қатысушылар полиция қызметкерлерінің де өнерін тамашалады.

Айта кетерлігі, бүгінгі мерекелік шараның ерекшелігі Қызылорда облысы полиция департаментінің хоры өнерлерін ортаға салып, кештің сәнін келтірді. Қылмыспен күресуші полицейлер рухты көтеретін патриоттық әндерімен және шеберліктерімен әріптестерін ғана таң қалдырып қойған жоқ, сонымен қатар шақырылған қонақтарды, көпшілікті таңдандырды. Салтанатты шараға қатысушылар талай жыл артта қалып қайта тойланған ұлттық мерекені маңыздылығын сезінді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру