Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада сотталған азамат жақындарымен қауышты

Қызылордада сотталған азамат жақындарымен қауышты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Отбасы бақыт мекені. Бірақ темір торға түскендер оның қадірін кеш біліп жатады. Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №68 мекмесінде сотталғандардың отбасымен байланысы үзілген емес. Өйткені бас бостандығынан айырылғандарды өмірге қайта тәрбиелеуде туыстық қатынастың маңызы зор.

– Сотталғандардың отбасымен жақсы байланысы олардың түзелу жолына түсуге игі ықпалын тигізеді. Сондықтан да жазасын өтеушілердің өтініші негізінде, мүмкіндігінше жақындарымен кездесуін ұйымдастырып отырамыз. Олар туыстарымен кезек бойынша таксафонмен сөйлесіп, жанұя жағдайын біліп тұрады. Ал ұзақ және қысқа мерзімді кездесулерге келген жақындарын көргенде тіптен көңілді болады. Сондай-ақ осында түскен соң, отбасын құруға ниет білдіріп жататындар да бар. Ондай кезде мекеме заңгері екі тараптың өтініші негізінде АХАЖ бөліміне құжаттарын жинақтап, неке куәлігін алып береді. Қалай болған күнде де шалыс басып, қылмысқа тартылғандар отбасы мүшелерінің мейіріміне, жылы сөздеріне зәру, қолдауды тым қажет етеді, – дейді жасақ бастығы Н.Абдраманов.

Отбасымен қауышқан сотталғандардың бірі ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша сотталған С. есімді азамат.

– Бүгін мен кездесуге келген егіз қызымды көріп қуанып қалдым. Жақындарыңыздың қадірін біліңіздер. Жанұя мүшелері аман болсын. Өзім де, келіншегім де көпбалалы отбасында өскенбіз. Менің де екі ұл мен егіз қыздарым бар. Балаларым – байлығым. Екі жылдан асты әрдайым олардың қасында болмасамда сағынышымды қағазға түсіріп өлең етіп жазып жүрмін. Бостандыққа шыққан соң, балаларымның тәрбиесімен айналысамын, – деді көпбалалы әке.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру