Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты алдын алу тақырыбында жиын өтті

Қызылордада жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу тақырыбында кеңейтілген жиын өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен кеңейтілген мәжіліс өтті. Қаралған мәселе – балалар қауіпсіздігі мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу. Мәжіліске Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Аблазимов Махсудхан, құқық қорғау органдарының басшылары, қала және аудан әкімдері, аумақтық департамент және басқарма басшылары, қалалық, аудандық мәслихат төрағалары, қоғамдық кеңес, ата-аналар комитетінің өкілдері және облыстағы білім беру ұйымдарының басшылары қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша осы салаға жауапты полиция департаменті бастығының орынбасары Ілияс Жұмағұлов баяндама жасап, алдын алу бағытындағы шараларға кеңінен тоқталды.

– Қазіргі таңда әрбір адамның өмірінде толыққанды тұлға болып қалыптасуында құқықтық тәрбиенің алар орны ерекше. Жасөспірімдер арасындағы және оларға қарсы жасалған қылмыстар қоғамның өзекті мәселелерінің бірі болып отыр. Осы мақсатта облыстық білім, денсаулық сақтау басқармаларымен бірлескен “2024-2025 жылдарға арналған құқық бұзушылық, буллинг, есірткі, лудомания, вейп темекі, интернетке тәуелділіктің алдын алуға бағытталған іс-шаралар” жоспары жасалып, жүзеге асырылуда. Атқарылған шаралардың нәтижесінде жасөспірімдер арасында жасалған қылмыстар азайды, – деді І.Жұмағұлов.

Профилактикалық жұмыстарды күшейту мақсатында облыста жалпы білім беру мекемелерінде 2023-2024 оқу жылына департамент бастығының бұйрығымен мектептер мен колледждерге аймақтық ювеналды полиция бөліністерінің, криминалды полиция, учаскелік полиция инспекторлары бекітілді.

Жыл басынан бері кәмелетке толмағандар мен жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында “Жасөспірім”, “Балалар түнгі қалада” профилактикалық шаралары өткізіліп, “Түнгі қала”, “Квадрат” рейдтері ұдайы жүргізілуде. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 3630 құқық бұзушылық анықталып, қаңғыбастық пен кезбелікке салынған 128 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылса, 640 жасөспірімге әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде, түнгі уақытта заңды өкілсіз ойын-сауық және тұрғын жайдан тыс (сағат 23:00-ден кейін) жүрген 2052 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Кәмелетке толмағанның түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 111 кәсіпкер, оларға темекі бұйымдарын сатқан 12 дүкен иелеріне әкімшілік хаттама рәсімделіп, айыппұл салынды. Құқық бұзушылық жасағаны үшін 63 жасөспірім және 50 міндеттерін орындамаған ата-ана полицияның есебіне алынды.

Отбасылық қарым-қатынас үйлесімділігінің бұзылуы, ата-ана мен бала арасындағы түсініспеушілік, бақылаудың жоқтығы көп жағдайда жасөспірімдердің үйлерінен қашып кетуіне әкелуде. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандар арасында хабар-ошарсыз кетудің 69 дерегі тіркеліп, полиция қызметкерлерін дер кезінде жұмылдырып, іздестіру жұмыстарын атқару нәтижесінде олардың барлығы анықталып, ата-анасына табысталды.

Сөзін қорытындылай келе, І.Жұмағұлов тал бесіктен адам өміріндегі тәрбиенің бастапқы негізгі ұйытқысы да ата-ана болып қала беретіндігін және ұрпақ тәрбиесіне аса мән беру керек екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы кәмелетке толмаған азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аударып, полицияға білім беру басшылығымен бірлесе жұмыс атқаруды міндеттеді. Қоғам болып бірлесіп, жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, тиісті шаралар қабылдауымыз қажет. Бұл ретте бүгінгі таңда полиция мүдделі органдармен бірлесіп, жоспар әзірлеп, тиісті деңгейде жұмыс жүргізуде, – деді І.Жұмағұлов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру