Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордалық полицейлер электр сымдарын ұрлаумен айналысқан топты қылмыс үстінде ұстады

Қызылордалық полицейлер ірі көлемде электр сымдарын ұрлаумен айналысқан топты қылмыс үстінде құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz

Тамыз айының басында Қызылорда қаласы Полиция басқармасының кезекші бөліміне кәсіпорын басшысы арызданады. Арызында ол Тасбөгет кенті көшелерінің бірінде белгісіз біреулер көше жарығының электр сымдарын ұрлағандығын көрсеткен. Арнайы жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Тасбөгет полиция бөлімінің қызметкерлері облыс орталығының сол жағалауында кабель ұрлығының үстінен түсіп, оқиға орнында күдіктілерді құрықтады.

Ұсталған алты күдікті еш жерде жұмыс жасамайтын 27-32 жас аралығындағы облыс орталығының тұрғындары екені белгілі болды. Олардың бірі бұрын соңды электр желілерін жөндейтін жұмысшы болып қызмет атқарған. Ол алдын ала электр желісін өшірсе, қалған күдіктілер электр сымдарын ұрлап, автокөліктеріне тиеп отырған. Ұрланған затты металдарды қабылдау пунктіне өткізіп, түскен қаражатты бас пайдаларына жаратып отырған.

Бүгінгі таңда күдіктілердің осы тектес 4 эпизодтық қылмысқа қатыстылығы анықталып отыр. Мемлекетке келтірілген материалдық залал есептелуде.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабының 2-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Күдіктілерге қатысты тергеу реттілігімен қарай баға берілетін болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру