Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сайрамдық тұрғынның сатылымда тұрған сағатын ұрлаған алматылық ұсталды

Сайрамдық тұрғынның сатылымда тұрған сағатын ұрлаған алматылық ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сайрам АПБ-ның кезекші бөліміне Қайнарбұлақ ауылындағы жанар-жағармай бекетінде қызмет ететін жергілікті тұрғын арызданады. Ер адамның айтуынша, бекет дүкенінің сөресінде сатылымда тұрған құны 50 мың теңгенің “Baldini” маркалы қол сағатын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алынды.

Орын алған ұрлық қылмысын ашып, күдіктіні ұстау мақсатында сайрамдық сақшылар қарқынды жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Жан-жақты іздестіріп, куәгерлерден сұрастырып, бейнебақылау камераларын тексерді. Бір аптаға жуық жүргізілген шарада полицейлердің кәсіби шеберлігі нәтиже беріп, осы іске қатысты күдікті ретінде Алматы қаласының тұрғыны анықталды. Жедел уәкілдер күдіктіні Алматы қаласынан ұстап, оны АПБ-ға жеткізді. Ол өз кінәсін толық мойындады.

Тергеу барысында күдіктіден ұрланған сағат айғақты зат ретінде алынды. Белгілі болғандай, жас жігіт қол сағатты өзі қолдану үшін жымқырған. Күдіктінің бас шарасы “қолхатта”. Бүгінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері дүкендерге, басқа да ғимараттарға, тұрғын үйлерге бейнебақылау камераларын орнатып, дабылқаққыш қоюға кеңес береді. Ұрлықтың алдын алу мақсатында, қауіпсіздікке баса назар аудару қажет. Қандай да бір ұрлықтың құрбаны не куәгері болсаңыз, өздіктеріңізден іздеп уақыт жоғалтпастан, полицейлерге хабар беріңіздер.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру