Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сарыағашта шетел азаматын тонаған екеу қолға түсті

Түркістан облысында учаскелік полицей шетел азаматының 900 АҚШ доллар ақшасын тартып алып, тонап кеткен екеуді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сарыағаш ауданындағы Жібек жолы кеден бекетінде учаскелік полиция инспекторы Мақсат Пернебаев белгісіз біреулердің орта жастағы азаматты ұрып соғып, әмиянындағы 900 АҚШ долларын тартып алғанын көрген. Содан учаскелік полицей жедел түрде күдіктілердің соңынан қуып жетеді. Орта жастағы азаматты ұрып-соғып тонаған екі күдікті азаматты полиция бөліміне жеткізді.

Белгілі болғандай жәбірленуші Өзбекстан елінің азаматы екені анықталды. Ол бекет аумағында кетіп бара жатқан уақытта екі ер адам әмиянында ақша барын көріп, қомақты қаржыны иемденгілері келген. Осылайша шетелдікті тонаған. Алайда өз ісіне мұқият учаскелік полиция инспекторы күдіктілердің жасаған әрекетіне куә болып, тез арада шешім қабылдаған.

Сондай-ақ полицейлер күдіктілердің жергілікті тұрғын және бірінің бұған дейін дәл осындай жайтпен сотты болғанын растады. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Қазіргі таңда ұсталған орта жастағы екі азамат қамауда. Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға өз бағалы заттарыңызға, қол сөмкелеріңізге сақ болыңыздар деп ескертеді. Тонау, ұрлық, қарақшылық жайттары орын ала қалса, тез арада полицияның “102” телефонына хабар беріңіздер.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру