Сарыағашта жоғалып кеткен қыз құрбысының үйінде қонақта жүр
Түркістан облысының полицейлері жоғалған 15 жастағы қызды тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш АПБ-на кешкі уақытта жергілікті тұрғынның бірі 102 сымтетігі арқылы хабарласқан. Ол әйелдің айтуынша, 15 жастағы қызы үйінен белгісіз бағытқа шығып із-түзсіз жоғалып кеткен. Сарыағаш АПБ қызметкерлері хабарлама түсе салысымен тез арада әрекет етіп, оқиға орнына жетті.
Мектеп оқушысын табу мақсатында, қажетті деп танылған барлық жедел-іздестіру жұмыстары жүргізілді. Аудан көшелерін тексеріп, көрген-білген тұрғындардан сұрастыру жұмыстары жүргізілді.
Нәтижесінде тәулік ішінде тәртіп сақшылары қызды Сарыағаш қаласының маңындағы Дербісек ауылынан тауып алды.
Осылайша, жоғалған 15 жастағы қыз полиция қызметкерлерінің арқасында аман-сау ата-анасына табысталды. Тексеру барысында тәртіп сақшылары, қыздың ата-анасына еш ескертпестен құрбысының үйіне кетіп қалғандығын анықтады.
Қызымен қауышқан анасы полицейлерге өз алғысын білдірді.
Өз кезегінде Түркістан облысы полицейлері азаматтарға балаларыңызға абай болыңыздар, сыртқа шыққанда қараусыз қалдырмаңыздар деп ескертеді.