Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сарыағаштық пошта қызметкері мен оның екі сыбайласы мекемеден 35 миллион теңгені жымқырып кетті

Түркістан полицейлері мекемеден 35 миллион теңгені алаяқтық жолмен жымқырған пошта қызметкері мен оның екі сыбайласын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы Сарыағаш АПБ-ға аудандағы пошталардың бірінің қызметкері арызданып, мекемеге тиесілі 35 миллион теңгеге жуық ақшаны белгісіз адамдардың қолды еткенін жеткізген.

Аталған жайтты сарыағаштық полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеп, қажетті шараларды атқарды. Оқиға орын алған мекемеге барған тәртіп сақшылары бейнекамералардың жазбаларын мұқият тексеріп, айғақты заттарды іздей бастады. Бірнеше күнге созылған жедел жүргізілген жұмыстар кезінде күдікті ретінде пошта қызметкері, яғни жігіт анықталды. Ұсталған жігіт Сарыағаш ауданының тұрғыны.

Сондай-ақ тергеп-тексеру барысында ұсталған жігітке қылмысты жүзеге асыру үшін көмектескен екі сыбайласы, яғни ер адамдар анықталды. Олардың бірі жергілікті тұрғын болса, екіншісі – Семей қаласының тұрғыны.

Белгілі болғандай пошта қызметкері қасындағы екі сыбайласымен бірге алдын ала сөз байласып, мекеменің қорына жиналған 35 миллион теңгені шотына аударып жіберу арқылы жымқырған. Қолды еткен қомақты қаржыны өзара бөлісіп алған.

Қазіргі таңда ұсталған үшеу қамауға алынды. Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның басқа да толық мән жайы тергеу барысында анықталатын болады.
Түркістан облысының полицейлері облыс тұрғындарына алаяқтың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, тез арада полицияға 102 телефоны арқылы хабарласу қажеттілігін айтады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру